KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Риддерде ұлттық спорт дамып келеді: арқан тартыс жаңа белеске шықты

23.09.2025, 18:30 179 Төлеуғазы Жансая

Ұлттық спортқа деген қызығушылық бүгінде тек ауыл-аймақпен шектелмей, қала жастары арасында да кең өріс алуда. Көкпар, асық ату, аударыспақ, садақ ату сияқты дәстүрлі ойындармен қатар, арқан тартыс спорты ерекше серпін алып, дамып келеді. Бұл үрдіс Риддер қаласында да айқын сезіледі. Жақында мұнда ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге арналған оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынның басты мақсаты – ұлттық спортты насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және олардың бойында ұйымшылдық пен намысшылдықты қалыптастыру болды. Жаттығу барысында көкпар ойыны тартысты түрде ұйымдастырылып, жастар ұлттық рухты сезініп қайтты. Шараның басында жергілікті ақсақалдар ақ батасын беріп, ойынға сәттілік тіледі.

Арқан тартысқа деген ерекше қызығушылық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін арта түсті. Аталған халықаралық дода ұлттық ойындарға жаңа серпін беріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарды тарихи мұраға жақындатты. Осыдан кейін Риддерде құрылған арқан тартыс құрамасы қысқа уақыт ішінде өңірлік және республикалық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып үлгерді.

– Арқан тартыс – тек күш сынасу емес, ол бірлік пен ұйымшылдықты талап ететін спорт. Қазір жастарымыз бұл ойынға үлкен қызығушылық танытып отыр. Құрама мүшелері бірнеше жарыстарда топ жарып, қаламыздың абыройын асқақтатты. Жақында Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде жерлесіміз Рахметқалиев Мейір еліміздің намысын қорғап, чемпион атанды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Мұндай жеңістер жалғаса береді деп сенеміз, – деді Риддер қаласының спорттық модулінің меңгерушісі Қайырлы Сүлейменов.

Ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы Риддер қалалық мәслихатының депутаты Ильгиз Загидуллин де өз пікірін білдірді.

– Ұлттық ойындарды қаламызда өткізу дәстүрге айналып келеді. Соңғы жылдары мұндай шаралар жиілеп, жастарымыздың ата-баба мұрасына деген құрметі артып отыр. Бұл – ұлттық құндылықтардан алыстамаудың кепілі. Қарттарымыз да бізге қарап, ұлттық дәстүрімізді сақтап келе жатқанымызға қуанады. Біз – көшпенділердің ұрпағымыз, сондықтан мұндай ойындар тарихымыздың айнымас бөлігі болып қала береді, – деді депутат.

Риддерде ұлттық спорттың тұрақты түрде ұйымдастырылуы – өткен мен бүгінді сабақтастырудың айқын көрінісі. Арқан тартыс секілді қарапайым, бірақ мазмұны терең ойынның қайта жандануы жастардың ұлттық құндылықтарға бет бұрып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, спорттың жаңа биіктерге көтерілуі күтілуде.

Жайна Сыранова

фото автордан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу