Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет – Әлихан Смайылов
Фото: egemen.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов төрағалық еткен Үкімет отырысында жылыту маусымына қатысты мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстар түгенделді.
Отырыста Премьер-Министр энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, қазір барлық өңірлерде жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 89 қаланың 30-ында жұмыс аяқталған. Жалпы, жыл соңына дейін 500 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар 1,4 мың шақырым сумен жабдықтау желісінің 233 шақырымы және 46 шақырым су бұру желісі жөнделді.
Премьер-Министр алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі әдейі маусым айында ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктер байқалған. Жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекіткен. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр. Ал кейбірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдырып отыр.