2024 жылы Қазақстанда құжат жасату құны қанша болады?
![](/kz/uploads/posts/2024-01/whatsapp-image-2024-01-04-at-12_02_54.webp)
Фото: enpf.kz
Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге дейін өсті. Соған байланысты мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да өзгерді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Төлқұжат жасату құны
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорттағы бет санына байланысты баж құны өзгерді:
24 парақ – 4 АЕК, яғни 14 768 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
Қолданыстағы 36 парақ төлқұжаттың құны - 8 АЕК, яғни 29 536 теңге;
48 парақ – 12 АЕК, яғни 44 304 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, паспортты тезірек алуына болады.
Жеке куәлік жасату құны
Сондай-ақ, ел азаматтары жеке куәлігін жасату үшін 0,2 АЕК немесе 738 теңге төлеуі керек. Бірақ Қазақстан азаматының жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса 1 АЕК немесе 3 692 теңге төлеуге тура келеді.
Ішкі істер министрлігі 2024 жылдан бастап жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алу қызметінің құнын төмендетті.
Облыс орталықтарында:
3 жұмыс күні үшін қызмет құны – 3372,45 теңгеге дейін;
5 жұмыс күні үшін қызмет құны – 1770,88 теңгеге дейін.
Облыстардың аудандары мен қалаларында:
7 жұмыс күні үшін қызмет құны 677,95 теңгеге дейін төмендетілді.
Айта кетсек, 2024 жылдан бастап неке қию туралы куәліктің құны да 1 АЕК немесе 3 692 теңге болды.
Бірақ ажырасуға өтініш беру екі есе қымбатқа түседі, яғни – 2 АЕК немесе 7 384 теңге.
Туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ жоғалтып алып немесе басқа да жағдайлармен қайта жасатқан жағдайда 0,5 АЕК немесе 1 846 теңге.
Құжаттарды кімдер тегін ала алады?
Айта кетейік, кейбір азаматтар құжаттарды тегін ала алады. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес мемлекеттік баждан мына тізімдегілер босатылады:
Кеңес Одағының батыры, Социалистік Еңбек ері; үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» орденімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері»; «Батыр Ана», «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;
қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар; Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Айжанат Бақытқызы