Қазақстанда ерте жүктілік белең алып барады
Фото: srcn-avis.ru
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы дабыл қағуда, ресми дерек бойынша, әлемде жыл сайын 16 миллионға жуық кәмелет жасына толмаған қыз жүкті болады.
Статистикаға сүйенсек, жасөспірім қыздар арасындағы өлімнің көбеюіне екінші фактор – ерте жүктілік. Ерте жүктілік деп 13-19 жас аралығында болатын жүктілікті айтады. Ең қорқыныштысы, Қазақстан әлем елдерінің ішінде алдыңғы орындардың бірінде тұр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жасанды түсік жасататын қазақстандық жасөспірім қыздар Еуропамен салыстырғанда 3-4 есеге көп. Ықылым заманнан қыз бала тәрбиесіне ерекше ден қойған халқымыз үшін бұл өте түйткілді мәселе. Осы орайда дәрігер мамандар жас ағзаның сәби дүниеге алып келуі өте қиын процесс екенін айтады.
Надира Слямханованың айтуынша, жүктілік кезіндегі асқынулар мен босану кезіндегі қиындықтар ана мен бала өміріне қауіп туғызуы мүмкін. Әр органның қалыптасатын кезеңі бар, ал жасөспірімнің ағзалары үнемі даму үстінде немесе дене конституциясы кішкене болуы ықтимал. Сол себепті жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің көбі түсікпен аяқталады. Өйткені ағза сәбиге жаңа өмір сыйлауға дайын емес. Мемлекеттің өсу, даму деңгейі де дәл осы ана мен бала өліміне қарай сараланатынын ескерген жөн. Дәрігер мамандар, жүктілік анықталған жасөспірімдердің ата-аналары көп жағдайда жасанды түсік жасауға шешім қабылдайтынын айтып отыр. Алайда қыздың болашағын ойлайтындар саусақпен санарлық.
Жүктілік жасанды түсікпен аяқталса, әйелдің болашақта сәби көтеруі екі талай. Өйткені жасанды түсік бедеулікті тудыратын фактор. Түсіктен кейін ағзада аурулар асқынады. Медициналық тұрғыда түсіктен кейін балалы болу өте қиын. Бұл орайда мамандар жасанды түсік қай аптада жасалса да ағзаға келер кесірдің алдын ала алмайтындарын айтады. Ерте жүктілікті бастан кешірген қыздың болашақта екіқабат болуы ұзақ мерзімді талап етеді. Ал нәрестені дүниеге алып келемін деп шешім қабылдаса, оған ерекше күтім қажет.
«Ұят болады»
ХХІ ғасырдың дертіне айналып келе жатқан ерте жүктіліктің көбеюіне психолог мамандар балаға жыныстық сауат жайлы түсіндірмейтін ата-аналар кінәлі дейді. Осы орайда «ұят болады» деген стереотип кінәлі ме деген заңды сұрақ туады.
- Смартфонға телмірген заманда баланың не көріп жатқанын қадағалайтын ата-ана кемде-кем. Ақпарат алаң ашық. Баламен сөйлеспеген соң, уақыт бөлмеген соң мәселе күрделеніп бара жатыр. Қарапайым ғана мысал, әке-шеше балаға сенің денеңде осындай жетілу процесі болады, өзгенің тәнін ластауға болмайды деп те ескертпей жатады. Жыныстық сауат жайлы 5-6 жастан бастап сөз қозғау керек. Дәл осы жастан бастап баланы спортқа беру қажет. Іштегі энергиясын сыртқа шығаруы тиіс. Көп ата-ана жауапкершілікті мектепке сілтеп жатады, ол өрескел қателік, - дейді психолог маман Зарина Қаһарман.
Психологтар қауымы ата-ана баласымен ашық тақырыптарға әңгіме өрбіте алмаса арнайы мамандарға жүгінуге кеңес береді. Дәрігер мамандар қазір балалардың жетілу кезеңі бұрыңғыдан қарағанда әлдеқайда ерте екенін айтады. Сондықтан да бала былай тұрсын, ата-аналардың дайын болмай жатуы да осыдан көрінеді. Мамандар ерте жүктіліктің көбеюіне екінші себеп әке-шешенің балаларға көңіл бөлмеуінде деп отыр.
Сапалы 30 минут
Ерте жүктілікті болдырмау үшін психологтар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты реттеу керегін айтады. Яғни психологиялық түрде бақытты бала мұндай шалыс қадамдар баспайды. Осы орайда күйбең тіршікпен бала тәрбиесін қатар алып жүру үшін не істеу керек деген сауал туындайды. Мамандар баланың назарсыз қалмауы үшін күніне кеміне 30 минут уақыт бөлуді ұсынады. Жұмыстан қайтар жолда не дастархан басында баланың сезімдерін сұрауды әдетке айналдыру керек.
- Күнде жұмыста жүрсеңізде балаға уақыт бөлуді ұмытпау керек. Мәселен смартфонды алшақ қойып балаңызға сапалы 30 минут арнауды ұсынамыз. Жарты сағат ішінде баланың сезімдерін білу қажет. Сонымен қатар балаға мотивацяи беріп үйрету керек. Мысалға, «Балам, мен қазір жұмыс істеп жатырмын, айдың аяғында сені киноға немесе саябаққа апарамын». Міне, балаға уәде беру және сол уәдені орындау, – дейді Зарина.
Баланың алғашқы махаббаты – анасы, ал ең алғашқы ұстазы – ата-ана. Осы орайда кезкелген ата-ана өзіне артылған жауапкершілікті сезіну қажет. Баламен сырсыз сенімді қарым-қатынас құру арқылы талай мәселенің алдын алуға болатынын естен шығармаған абзал. «Қызым үйде, қылығы түзде», - дейтін халқымыз үшін қыз баланың тәрбиесі қашан да өзекті болмақ. Өйткені әйел – ұлт тәрбиелеуші.
Балауса Мэлсқызы