Мектептердегі лаңкестік актілері туралы хабарлама жіберуге шетелдіктер қатысты - ІІМ
Фото: ҚР ІІМ
25 қаңтарда Telegram-да мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар басталды.
Хабарламалар Қазақстанның 6 қаласында – Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанайда түсті. Полиция жалған хабарламаға ТМД елдерінен келген адамдардың қатысы барын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік барын еске салды.
Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған.
Терроризм актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл не болмаса 5 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылады. Дүрбелеңге жол бермеу үшін полиция халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Өткен жылы полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмаған, 7 адам сотталды, оның ішінде 2-уі кәмелетке толмаған. Әрбір осындай факт бойынша жан-жақты тергеу жүргізіледі. Ал қылмыскерлерді анықтау уақыт еншісінде.
Айжанат Бақытқызы