Елімізде бәс тігу жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі
Фото: i.imgur.com
Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Заң аясында келесі шаралар іске асырылады.
Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың СМС хаттамаларына да жарнама жасай алмайды. Сондай-ақ блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
Екінші. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі.
Төртінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алтыншы. Заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Жетінші. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.