Елімізде баспанаға сұраныс күрт артты
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда шілдеде өткен айлармен салыстырғанда баспанаға сұраныс күрт өскен. Мамандар жаз уақытында тұрғындардың үй мәселесін реттеуі заңдылық екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы шілдеде тіркелген тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 40 099-ды құраған. Оның 9 126-сы жеке тұрғын үйлерге, ал 30 973-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты келісімшарттар екенін атап өткен жөн.
2024 жылғы маусыммен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату операцияларының саны 21,7%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 091) және Астана (6 843) қалалары және Қарағанды облысы (3 208) көш бастап тұр.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін биыл елімізде баспана бағасы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік.