Елімізде электромобильдер саны 11 мыңға жетті
Фото: depositphotos.com
Дәлірек айтқанда, Қазақстан аумағында 10 970 электромобиль тіркелген. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, биыл маусым айында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады. Бұл заң елімізде электромобильдер санының артуына және арнайы инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Атап айтқанда, әлемде жыл сайын электрокарға сұраныс артып жатыр. 2023 жылы электромобиль әлемдегі ең көп сатылған көлік болды. Қазақстанда да бұл көлікті таңдайтындар көбейіп келеді. Оған статистика дәлел, яғни былтыр электромобильдер саны 10 еседен астам артты. 2022 жылы елімізде небәрі 570 электромобиль болған.
Сарапшылардың пікірінше, электромобильдердің күрт артуына қазақстандықтарға көліктің экологиялық таза түріне көшуі үшін мемлекет беретін квота себеп болды. Өйткені электромобильдің атмосфераға зияны жоқ. Сондықтан мемлекет оны сатып алғанда кеден және салық төлемдерінен босататын квота берді. Міне, осыдан кейін сатып алушылар көбейді.