28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні
Бүгін – журналистердің, редакторлардың, теле-радио жүргізушілердің, операторлар мен фотографтардың, баспасөз хатшылары мен қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етіп жүрген барлық медиа саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл күн – жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – шынайы ақпарат таратып, халық пен билік арасын жалғап жүрген жандарға көрсетілер құрметтің нышаны.
Қазақстанда журналистика алғашқы қарапайым басылымдардан бастап, бүгінде заманауи цифрлық медиаплатформаларға дейін ұзақ жолды артта қалдырды. Бүгінгі күні еліміздің ақпарат кеңістігінде мыңдаған кәсіби маман жаңалықты жедел әрі шынайы жеткізу жолында еңбек етіп келеді.
Журналист болу – тек сұхбат алу немесе баспасөз мәслихатына қатысу емес. Бұл – дерек іздеу, дауылда жүріп түсірілім жасау, демалыссыз еңбек ету, кейде қауіпті аймақтарда репортаж жүргізу. Өңірлік БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге бұған қоса репортерлік, аналитикалық және қоғамдық дипломатиялық қызметті қатар алып жүру қажет.
Медиа – қоғамдық пікірдің айнасы. Журналист көтерген мәселе талқылауға түсіп, түйткілді шешуге жол ашады. Сондықтан бұл саладағы жауапкершілік – ерекше. Әсіресе қазіргідей фейк жаңалықтар мен ақпараттық ағын күшейген заманда кәсіби журналистиканың орны бөлек.
Қадірлі әріптестер! Қаламдарыңыз мұқалмасын, кадрларыңыз айқын болсын, ал мақалаларыңыз – оқырман мен көрерменнің жүрегіне жетсін. Сіздер – ақпарат майданының алдыңғы шебіндесіздер.
"Altai-News" медиа-орталығының ұжымы барша әріптестерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтайды!