Skills Enbek: Онлайн оқыту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашық
gov.kz
2025 жылдың басынан бері еліміздің 267 мыңнан астам азаматы Skills Enbek платформасында кәсіптік білім алып, онлайн-курстарды сәтті аяқтағаны туралы сертификатқа ие болды. Олардың ішінде 45 мыңға жуық жұмыссыз азамат бар. Бұл — еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен үздіксіз оқыту қағидатын жүзеге асырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде платформаның белсенді пайдаланушыларының жалпы саны 800 мыңнан асып отыр. Соның ішінде биылғы жылы 311 мыңнан астам адам тіркеліп, білім алуға қызығушылық танытты.
Skills Enbek-те түрлі бағыттағы 1000-нан астам курс бар, оның 340-ы – тегін. Ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейінгі курстар SMART SKILLS, басшылық, сату, сақтандыру, қонақүй бизнесі, әлеуметтік көмек секілді салаларды қамтиды. Сондай-ақ Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестері ұсынған курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған.
Шілде айында «Твой карьерный старт: как использовать «Электронную биржу труда», «Кассир», «Страховой агент», «Қозғалысы шектеулі адамдарды ертіп жүретін жеке көмекшінің кәсіби курсы», «Қонақүйдегі сату бөлімін құру» курстары ең көп сұранысқа ие болды.
Кез келген адам үшін қолайлы
Платформаның басты артықшылығы — икемділік. Қатысушы өзіне ыңғайлы оқу қарқынын, тілді (қазақ, орыс, ағылшын) және материалды ұсыну форматын таңдай алады. Курстар мәтін, бейне, презентация, инфографика секілді түрлі форматтарда беріледі. Арнайы мүмкіндіктері бар адамдар үшін интерфейс бейімделген.
Курс соңында білім алушы тестілеуден (70% шекті балл) өтіп, сертификат алады. Бұл құжат Enbek.kz жүйесіндегі түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Сонымен қатар, жүйе сіз меңгерген дағдыға сай келетін бос жұмыс орындарын бірден ұсынады. Сертификат — жұмыс беруші үшін сенімді белгі.
Курс әзірлеушілерге арналған онлайн-платформада сабақтарды құрастырып, орналастыру — тегін. Статистикамен жұмыс істеу, сертификат дизайнын таңдау, оқу құнын есептеу секілді көптеген ыңғайлы құралдар қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап Enbek мобильді қосымшасы арқылы курстарды оқу мүмкіндігі іске қосылды. Қосымшаны Google Play мен App Store-дан жүктеуге болады.
Skills Enbek платформасы өмір бойы білім алуға ұмтылатындар үшін сенімді серік екенін көп азаматтар түсініп, пайдаланып жүр.