Skills Enbek платформасына жаңа 44 тегін курс қосылды
Фото: bluescreen.kz
Жыл басынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Skills Enbek платформасында тегін курстардың мазмұны кеңейтілді.
Әр түрлі қызмет салалары мен дағдылары бойынша барлығы 44 жаңа курс қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, әр курстың ұзақтығы 36 сағаттан асады. Онлайн оқыту белгілі бір кәсіптік салада дағдыларды немесе қосымша құзыреттерді алуға мүмкіндік береді.
Мәселен, құрылыс және өндіріс саласында «Жылу желілерінің жабдықтарына, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Сумен жабдықтау және су бұру желілері мен құрылыстарын пайдалану», «Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесары», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Токарлық өңдеу негіздері» сияқты курстар қосылды.
Жеке қызметтер мен тамақтану бойынша ашылған қосымша курстар - «Тігуді басынан бастап үйреніңіз!», «Қызмет көрсету саласындағы әкімші», «Шаштараз өнері», «Аспаз», «Наубайхана негіздері», «Кондитерлік шеберхана», «Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын қызметкер».
Бұдан бөлек, «Тиімді коммуникациялар және командалық жұмыс», «Сыни ойлау негіздері», «Уақытты басқару және басымдық беру», «Дизайн ойлау», «Бизнес-процестерді басқару», «Бизнестегі коммуникация мәдениеті», «Agile принципі бойынша жобаларды басқару», «Маркетингтік талдау (консалтинг)», «Microsoft Office-пен жұмыс» және «Экологиялық ойлау дағдыларын қалыптастыру» сияқты курстар да бар.
Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуға болады: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).