KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Су ресурстары министрлігі су тапшылығы мен бақылаусыз егіс фактілерін тексермек

pixabay.com

26.08.2025, 19:30 205 Төлеуғазы Жансая

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ведомствоның аппараттық кеңесінде биылғы вегетация кезеңінің қорытындыларына тоқталып, бірқатар ескертулер жасады. Министр суару маусымында орын алған кемшіліктерді анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Вегетация кезеңі аяқталуға жақын. Биыл ол күрделі жағдайда өтті. Аптап ыстық пен жауын-шашынның тапшылығы суды көбірек тұтынуға алып келді. Кейбір өңірлерде тиісті бақылау жүргізілмей, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың жоспардан тыс егілгені байқалды. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі су шаруашылығы ахуалына елеулі әсер етті. Мұндай олқылықтар қайталанбауы үшін қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырамын», – деді Нұржан Нұржігітов.

Өңірлердегі жағдай

  • Алматы облысы – 1,2 млрд текше метр су алынып, 136 мың гектар алқап суарылды.

  • Жетісу облысы – 1 млрд текше метр су алынып, 132 мың гектар жер суарылды. Вегетация кезеңінің соңына дейін қосымша 150 мың текше метр су алу жоспарланған. Суару жұмыстары қыркүйек соңына дейін жалғасады.

  • Жамбыл облысы – 78 925 гектар жерді суару үшін 3 902 келісімшарт жасалып, оның 70 000 гектары суарылды. Қалған 8 925 гектарға қант қызылшасы, жүгері, көкөністер мен жоңышқа егілген. Шу, Талас өзендерінен және Тасөткел су қоймасынан 897 млн текше метр су пайдаланылды. Суару жұмыстары қыркүйектің ортасына дейін жалғасады.

  • Қызылорда облысы – 3,476 млрд текше метр су пайдаланылды. Күріш алқаптарында масақтану кезеңі жүріп жатыр. Қосымша сумен қамтамасыз ету үшін 357 сорғы станциясы жұмыс істеп тұр.

  • Түркістан облысы – 3,27 млрд текше метр су алынды. Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару аяқталуға жақын. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 109,7 мың гектар жер суарылған. Суару жұмыстары 10 қыркүйекке дейін толық аяқталады.

Қызылорда және Түркістан облыстарында каналдар арқылы кезекпен су беру кестесі енгізілді, 169 тік дренаж жүйесі қосылды. Су шаруашылығына тұрақты мониторинг жүргізілуде, сондай-ақ коллекторлы-дренаждық сулар қайта пайдаланылуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу