KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Тарбағатай ауданында «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды

Фото: ШҚО ТЖД
Фото: ШҚО ТЖД
22.09.2025, 08:30 351 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ел бойынша ерекше бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – мектептерде «Жас құтқарушылар» сыныптарын ашу. Бұл бастама жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, балаларды төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретуге және құтқарушы мамандығына қызығушылықты оятуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Осы игі істің аясында Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында да жаңа сынып ашылды. Қыдырбек Біләлов атындағы мектеп-лицей ғимаратында орналасқан бұл сыныпқа елге еңбегі сіңген азамат Мұхамадиев Ахметқали Қабидолдаұлының есімі берілді.

Жаңа «Жас құтқарушылар» сыныбына 6-7 сынып оқушылары қатысады. Олар өрт қауіпсіздігі ережелерін үйреніп, алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгереді. Сонымен қатар құтқару тәсілдері мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған теориялық және практикалық сабақтарға қатысады. Бұл балаларға тек білім беріп қана қоймай, өмірде қажет болатын дағдыларды да қалыптастырады.

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Блялов жас жеткіншектерге осындай мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталды.

«Құтқарушылар сыныбының ашылуы – төтенше жағдайларға ден қоя алатын сауатты ұрпақ тәрбиелеудегі үлкен қадам. Біз болашақ құтқарушыларды дайындап, елдің берік іргетасын қалап жатырмыз», – деді ол.

Ашылу салтанаты салтанатты түрде өтті. Жаңа сыныптың алғашқы оқушылары ант қабылдап, өздерін қауіпсіздік ісіне дайын екенін паш етті. Бұл сәт жиналған ата-аналар мен ұстаздар үшін ерекше әсерлі болды.

Жалпы алғанда, «Жас құтқарушылар» жобасы балалардың өмірлік дағдыларын шыңдап қана қоймай, олардың бойында патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін де қалыптастырады. Енді Тарбағатайлық өрендер қауіпсіздік негіздерін ерте жастан үйреніп, елдің болашағы үшін жауапкершілік арқалауға қадам басты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу