KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 5,3 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Өскеменде ұлттың бас аспабы ұлықталды

2.07.2023, 10:41 321 Оразай Жеңісұлы

Елімізде 2018 жылдың 13 маусымынан бері Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. Мұндағы негізгі мақсат — қоғамды ұлттық мәдениеттің, бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде топтастыру.

"Нағыз қазақты" ұлықтауға арналған іс-шаралар легі облыс орталығында бұл жылы да жалғасын тапты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 

Шығыстың бас шаһарының сол жағалауында орналасқан «Этно саябақта» қой ішекті домбырадан қоңыр күй төгілді. Домбырамен үндескен әсем ән де әуеледі.

Мерекелік іс-шараны қызыға тамашалаған қала тұрғындарының қара домбыраға деген құрметінің ерекше екенін аңғару қиын емес еді.

— Домбыра үнін қай жерде, қашан тыңдасақ та, құлаққа жағымды, көкірекке қонымды. Тіпті әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, біз домбыра үнін жазбай танитын шығармыз. "Нағыз қазақ — домбыра" деген сөз бекер айтылмаса керек, — дейді Жібек есімді студент. 

Іс-шара соңында «AMANAT» партиясының атынан бірқатар күйшілер мен дәстүрлі әншілерге алғыс хат табысталды.

— Мәңгілік елдің мәдени мұрасын айшықтайтын айтулы мереке бірлікке үндейді. Сондықтан ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әрбір өнерпазды құттықтаймын. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, көгімізде күй әуелей берсін! — деді «AMANAT» партиясының ШҚОФ төрағасы Сайрангүл Жұмаділова. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив