Өскеменде Шемонаиха ауданының жәрмеңкесі өтті
Өскеменге Шемонаиха ауданының ауыл шаруашылық өнімін өндірушілері тауарын әкеліп, жәрмеңкеге қойды. Бұл — «Туған жер — алтын бесігім» жобасының шеңберінде өтіп жатқан ауданның мәдени күндеріне арналған шараның бірі.
Жәрмеңкемен қатар гір тасы мен асқабақ көтеру, арқан тартыс, армрестлинг жарысы өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудандағы шаруалар бұл жолы 10 тоннадан астам өнім әкеліпті. Олардың арасында күзгі егіс, жеміс-жидек науқанының жемісі де бар.
— Бүгін ауданның мәдени күнінің екінші шарасы өтіп жатыр. Жәрмеңкеге ауданда өсетін, өндіретін тағамдарды әкеліп отырмыз, оның ішінде ет, сүт өнімдерін, құс етін, шұжық және бауырсақ сынды тауарлар сатып жатырмыз. Бағасы тиімді, қолжетімді және сапасы да жақсы өнім. Барлығы 10 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімін әкелдік, — дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.
Күннің суығына қарамастан сауданың көркін қыздыруға келген халықтың қарасы қалың. Саудагерлер де өнімін делдалсыз ұсына алғанға разы.
— Убинка ауылында тұрамын, сонда шаруа қожалығымыз бар, мал бағамыз. Бұл жәрмеңкенің тиімділігі — етті өзіміз, делдалсыз сата аламыз. Халықпен арада делдал болмайды. Еттің өтімі жақсы, халық жәрмеңкеге үйреніп қалған екен. Жәрмеңкенің орны ауысса да өнім жақсы өтіп жатыр. Өнімнің біразын сатып жібердік, — дейді жәрмеңкеге өнімін әкелген Айжан Малғаждарова.
Жиналған халыққа жәрмеңке барысында ыстық шай пен палау таратылып, аудан өнерпаздары концерт қойды.
Сонымен қатар асқабақ пен гір тасын көтеру, армрестлинг, арқан тартыс жарыстары ұйымдастырылды. Бұл жолы елдің назарын аудартқан жарыс асқабақ көтеру болды. Шарт бойынша салмағы 25 келі асқабақты қатысушы кеудесінің деңгейінде көтеріп ұстап тұруға тиіс. Асқабақты 1 минуттан астам уақыт көтеріп тұра алған Н.Коруженко бірінші орын алды. Ал ортасына дейін шөп толтырылған қапқа бір аяқ салып күресу жарысы жәрмеңкеде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған. Бұл жарыста Р.Өмірзақов жеңіске жетті. Гір көтеру сайысында Сұлтан Амантай, армрестлингте абсолютті салмақ дәрежесінде ерлер арасында Ерасыл Оразқан, әйелдер арасында Айнұр Шүршітбай бірінші орынға ие болды.