Заманауи ұшу аппараттарының мүмкіндіктері таныстырылды - ШҚО
Ұлан ауданында «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының таныстырылымы өтті.
Бұл жолғы іс-шара барысында ұшу аппараттарының, былайша айтқанда дрондардың өрт ошағын анықтап, оны сөндірудегі, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстарындағы мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бүгінде ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының қолданыс аясы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді. Қазір мұндай техника ауыл және орман шаруашылықтарында, төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстары барысында таптырмас құралға айналып барады. Оларды тіпті шекара шебі мен қалааралық автокөлік жолдарын патрульдеуде де қолдануға болады.
Отандық және шетелдік ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері паш етілген іс-шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, әмбабап техникаға өз бағасын берді.
Аңыз бойынша, елсіз иен далада құрғақ шөп тұтанып, қызыл жалын шарпыған аумақ тез ұлғая бастайды. Көп ұзамай аспанға V10R маркалы ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты көтеріліп, өрт ошағын жылдам анықтайды. Бұдан соң оқиға орнына SK-22 маркалы екінші дрон ұшып шығады. Бұл аппарат өрт сөндіруге арналған баллонмен жабдықталатынын айту керек. Дәл осындай адам мен техниканың бірлескен іс-қимылы нәтижесінде дала өрті жылдам сөндірілді.
Бүгінде дрондардың іздестіру-құтқару жұмыстары кезіндегі рөлі де артқан. Бұған Ұлан жерінде ұйымдастырылған оқу-жаттығу кезінде тағы бір мәрте көз жеткіздік.
V10R, Evo Max 4T, Ke-FourAir және D500 маркалы ұшу аппараттары орманға жасырынған адамды іздестіру операциясын бастайды. Қашқынның орналасқан жері анықталғаннан кейін дрон операторлары бұл жөнінде арнайы қызметтерге хабарлайды.
Сондай-ақ іс-шара барысында отандық «Шағала-М» және Ke-FourAir ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының, сонымен бірге, V500, D200, D2000 дрондарының мүмкіндіктері таныстырылды.
Айта кетейік, соңғы үш аппараттың белгілі бір аумақты картаға түсіру, сондай-ақ 3D модельдеу сияқты функциялары бар. Сонымен қатар ашық аспан астындағы көрме барысында құтқару, жүк тасымалдау, тіптен барлау жұмыстарын атқара алатын түрлі техниканың таныстырымылы өтті.
Бүгінде кеме жасау, бронды техника өндірісі, ІТ, радиоэлектроника мен байланыс сияқты салаларда қызмет көрсететін «Қазақстан инжиниринг» компаниясы авиация бағытында да бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі деп «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС-нің жұмысын айтуға болады. Ұлан ауданыныдағы іс-шара барысында ұлттық компания басшылығы атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Ал жаңа техниканың мүмкіндіктерімен танысқан аймақ басшысы Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстанда да дәл осындай жобаларды жүзеге асыруға болатынын айтып, аталмыш ұлттық компаиня басшылығымен бұл жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол үшін облыста барлық алғышарт бар.