Еңбек министрі Өскемендегі "Страна чудес" орталығының жұмысына жоғары баға берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Шығыс Қазақстан облысына іссапары барысында Өскемендегі "Страна чудес" мүгедектігі бар балаларды түзету және оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Орталық директорының орынбасары Лилия Мамбурованың айтуынша, орталықтағы балаларға дефектолог, психолог, сенсорлық интеграция, нейрологопед мамандары оңалту қызметтерін көрсетеді. Орталық жекеменшік, дегенмен мемлекеттік тапсырыс аясында субсидияланады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Оңалту қызметінде орталық заманауи әдістерді және авторлық оқу бағдарламаламасын қолданады.
Балалар жасына және бейіміне қарай топтарға бөлінген. Топтық сабақтар барысында ерекше коммуникативті қабілетті қалыптастырып, оқу сауаттылығы мен математика, қазақ тілі сияқты негізгі пәндермен қатар музыка, аспаздық өнер, денешынықтыру және шығармашылықпен айналысады.
Орталықтың жұмысымен танысып, ұжым қызметкерлерімен әңгімелескен еңбек министрі орталықтың қызметін жоғары бағалап, өңірдегі азаматтық қоғамның белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мансап орталығының да жұмысымен танысып, өңірдегі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылуы, әлеуметтік жұмыс орындары, жастардың жұмыспен қамтылуы сияқты бағдарламалар мен жобалардың облыста іске асырылуын талқылады.
Автор: Айжанат Бақытқызы