KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да инклюзивті білім берудегі негізгі проблемалар талқыланды

21.04.2023, 17:29 780 Ләззат Қанатқызы

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ЖОО оқытушылары, жоғары және орта тәжірибелі практиктер инклюзивті білім беру жобасын іске асырудағы негізгі проблемалар жайын талқылады.

Семинарға С.Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары, профессорлар, магистрлер мен дефектологтар және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Қазіргі таңда елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 180 мыңнан астам бала бар. 208-ден астам коррекциялық кабинеттер, 13 мемлекеттік оңалту орталықтары, 42 арнайы балабақша, 99 орта мектеп бар. Жалпы, 4 мыңнан астам білім беру мекемелерінде 40 мыңнан астам балалар білім алады.

Өскемен қаласында 4 жылдан бұрын сал ауруына шалдыққан балаларды қалыпты оқуға, қоғамға бейімдеу мақсатында «DEMEY оңалту және түзету орталығы» ашылған болатын. Қазір ол жерде дефектолог, логопед, массажист және психолог сынды мамандар жұмыс атқарады.    

– Орталық ашылған күннен бастап психология, дефектология, клиникалық психология мамандықтарының магистранттары мен студенттер үшін практика базасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының базасы ретінде жұмыс атқарып келе жатыр. 4 жыл уақыт ішінде орталықтағы балалармен жүздеген практиканттар жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында практиканттар тарапынан 100-ден астам зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 30 пайызы біздің іс-тәжірибеге енгізілді. Осы орайда зерттеуші өзін осы салада көре алуы, қызығушылығы, мотивтері мен алға қойған мақсаты оның зерттеу нәтижесінің 80 пайыз кепілі деуге де болады, – дейді орталық басшысы Мадина Ауренова.

Елімізде аутист балақайларға арналған тұңғыш балабақша да Өскемен қаласында ашылған болатын. «АСБ бар балаларға арналған «Страна чудес» арнайы мектеп-балабақшасында» тек балалар ғана емес, ата-аналары да үйретіледі. Семинар барысында жоба авторы Лилия Мамбурова мекеменің жұмыс барысымен және жиі ұшырасатын мәселелермен бөлісті.

– Негізгі проблема – білім беру процесін жүзеге асыруда нормативтік база жеткіліксіз. Ең алдымен, мектеп жасына дейінгі балалар үшін де, бастауыш сынып оқушылары үшін де оқыту мен тәрбиелеу бағдарламалары жетіспейді. Екіншіден, оқу бағдарламасын құруға арналған әдістемелік нұсқаулықтар қарастырылмаған. Үшіншіден, мектеп жасына дейінгі топтарды жасақтау бойынша ұсыныс жоқ, Төртіншіден, баланың мониторингін қандай индикаторлар негізінде құруымыз керек екендігі туралы ұсыныстар қажет, – деді Лилия Мамбурова.

Қазір ол жерде барлығы 115 тәрбиеленуші, 74 маман бар. 72 бала мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшаға келеді.

 

Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ лекторы, логопед-дефектолог Рауан Байчинов қазір өңірдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бірқатар өзекті мәселелермен бөлісті.

– Атап айтқанда, облыс бойынша есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшалардың мүлдем болмауы. Сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары және психикалық дамудың тежелісі бар балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшаларда сурдопедагог штатының қарастырылмауы. Өйткені жетекші екі маман – ол сурдопедагог пен логопед – екеуі бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана оң нәтижелерге жетуге болады. Басқа да арнайы білім беру мекемелерінде, яғни психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінде, оңалту орталықтарында қазақ тілді мамандардың жетіспеушілігі (сурдопедагог) және біліктілік құзыреттіліктерінің жеткіліксіздігі (логопед) және мемлекеттік тілде аталған балалар категориясына және олардың ата-аналарына арналған бағдарламалардың, әдістемелердің, оқу-әдістемелік құралдардың тапшылығы, бар болған күннің өзінде мәселені толық шешпеуі, – деді ол.

Сондай-ақ қозғалған мәселені қорытындылай келіп, аталған қиындықтарды жою мақсатында бірқатар ұсыныстар білдірді.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу