ШҚО жолдарында қосымша жылу пункттері жабдықталады
Фото: egemen.kz
ШҚО-ның жолдарында қосымша жылу пункттерін жабдықтайды.
Бүгін Самар ауданында облыс әкімі Ермек Көшербаевтың есептік кездесуі өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудан тұрғындары көтерген тағы бір өзекті мәселе — аудандағы жолдың жайы.
Подгорный ауылының тұрғындары осы мәселені айтып, облыс әкіміне шағымын жеткізді.
Аймақ әкімі өзінің орынбасары Бақытжан Баяхметовке жөндеу жүргізу керек жолдың жалпы картасын құрастыруды тапсырды. Бұл жағдайдың жалпы сипатын анықтап, оңтайлы шешім қабылдауға сеп болады.
Сонымен қатар тұрғындар қыстыгүні аяз, боран кезінде көлік көп бөгеліп қалатын тас жолдардың бойына қосымша жылу пункттерін салу керектігін алға тартты. Аймақ әкімі Ермек Көшербаев жақын арада жол учаскелерінің тізімі жасалатынын айтты. Жылу пункттерінде қажетті азық-түліктердің жиынтығы және медициналық заттар болады.