Грант – кәсіпкерлер үшін нақты қолдау
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай туғызу үшін ел Үкіметі заңнамалық базаны, реттеуші ортаны жетілдіріп, кедендік әкімшілендіруді жақсартып жатыр.
Шығыс Қазақстанда бұл бағытта барлық қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, мемлекеттік қолдау тетігі дұрыс жолға қойылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпаратына сүйенсек, қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы тоғыз айда шағын және орта бизнес нысандарының саны 109%-ға өсіп, 64 мыңға жеткен. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 142% -ға артып, 98 млрд. теңгеге жетті.
Өңірде жаңа бизнес-жобаларды іске асыру үшін грант алып, өз кәсібін ашқандар аз емес. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Вячеслав Маликов.
Мемлекеттен кәсіпкерлер палатасы арқылы 5 миллион теңгенің грантын алған кәсіпкер қазір айнадан, ағаштан әрлеу материалдарын, жиһазға арналған элементтер мен сәнді есіктер өндіреді. Грант қаражатына автоматты түрде басқарылатын фрезерлік және лазерлік заманауи екі станок сатып алған.
«Страна чудес» түзету және оңалту орталығының басшысы Лилия Мамбурова мемлекеттен алған грантқа тұзбен емдеу бөлмесін (соляная пещера) ашты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар кесте бойынша келіп ем алады.
Сонымен қатар облыста туризм саласында төрт бағыт бойынша мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады. Атап айтсақ, ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарды субсидиялау; жол бойындағы сервис нысандарын салуға арналған шығындардың 10%-ын өтеу; кәсіпкерлердің туристік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға жұмсаған шығындарының 10%-ын өтеу және туристік автобустарды сатып алу шығындарының 25%-ын өтеу.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 40%-ға өсіп, 7,7 млрд. теңгеге жетті. Ішкі туристер саны 19%-ға артып, 145 мыңнан астам адамға жетті.
Индустрияландырудың бірыңғай картасы жобаларын мемлекеттік қолдау шараларына келетін болсақ, бұл – Жер кодексіне сәйкес 49 жылға жалға берілетін жер учаскесін бөлу; «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ құралдары арқылы қаржыландыру және Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізуді қажет етпейтін өңдеуші өнеркәсіп саласындағы инвесторларға арналған басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бар екендігін атап өткен жөн.
Автор: Айжанат Бақытқызы