Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды - ШҚО
Биыл ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1535,1 млн. теңгенің несиесі беріліп, 235 жұмыс орны құрылды. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен Қазақстан фермерлер қауымдастығының облыстық конференциясында белгілі болды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысқан жиында аймақ аграршылары саланы дамыту жоспарларымен бөлісіп, шешімін күткен мәселелерді тілге тиек етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазір Шығыс Қазақстанда 8 мың фермер бар, оның мың жарымы Қазақстан фермерлер қауымдастығына мүше. кездесуге қатысқан фермерлер ветеринария, ет, сүт өнімдерін сату, субсидиялау, жер игеру, су қоймаларының жай-күйі, ауыл шаруашылығы техникасы және басқа да мәселелерді талқылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Сақтағанов мәлім еткендей, өңірде агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Қазір облыс аумағында 35 тауарлы-сүт фермасы, 23 сүт қабылдау пункті жұмыс істейді. Биыл тауарлы-сүт фермалары 69,9 мың тонна сүт өндірген.
Тарбағатай ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің жетекшісі Қайрат Әділбековтің айтуынша, фермерлер Өскемен базарларына қой етінің бір келісін 1800 теңгеден өткізеді. Ал саудагерлер оны 2500 теңгеден сатады. Айырмашылық – 700 теңге. Сонда бір бас тоқтыдан делдалдар 14 мың теңгедей пайда көреді.
Облыс фермерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдаған депутат Жигули Дайрабаев бұл мәселелер алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.
Бүгінгі таңда аймақта ірі инвестициялық жобаларды жеңілдетілген, бюджеттік кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша төрт жобаны қаржыландыруға 10 млрд теңге бөлінген. Жобаларды іске асыру тауарлы-сүт фермаларының өндіріс көлемін жылына 27 мың тоннаға, ал жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 54%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Айжанат Бақытқызы