KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 3,9 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

ШҚО-да бейімдеу орталығы ашылды

27.02.2024, 14:30 263

Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы Донское ауылында «Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы» ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы директорының міндетін атқарушы Алмаш Олжабаеваның айтуынша, облыстық білім басқармасының және «Шығыс Сүт» корпорациясының басшысы Сейілжан Сайлаубаевтың қолдауымен Донское ауылында орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты толығымен жөнделіп, қажетті жиһаздармен, оқу құралдарымен жабдықталған. 

Орталықта жатын бөлмелер, демалыс бөлмесі, арнайы ойын алаңдары, оқу кабинеті мен спорт залы бар.

35 орындық орталықта 3-18 жас аралығындағы балалар 6 ай тұрады. Қиын жағдайға тап болған балаларға уақытша пана болатын орталық өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарынан қабылдайды.

Облыстағы үшінші орталықтың ашылу рәсіміне білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

«Бейімдеу орталығында тәрбие мен оқыту, бос уақыт пен демалысты ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Орталық ұлдарға және қыздарға арналған екі сектордан тұрады. Жатын бөлмелер баланың жас мөлшеріне сай жабдықталған. Жақын маңда аралас мектеп пен шағын орталық бар. Қиын жағдайға тап болған балаларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіледі. Өйткені балалар өмірде мейірімді жандардың көп екенін көріп, өздері де жақсылыққа талпынып өскені жөн»,-деді Иннеса Чернышева.

Мұндағы мамандар әр түрлі себептермен қараусыз және панасыз қалған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін жасөспірімдерді, сондай-ақ қатыгездіктің салдарынан қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіп, анықталған мәртебесіне қарай баланы отбасына немесе мемлекеттік мекемелерге орналастырады.

Өңірде облыстық білім басқармасына қарасты 2 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Олар Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кенті мен Риддер қаласында орналасқан.

Бейімдеу орталығының ашылуы жергілікті ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік берді. 

Білім басқармасының мәліметі бойынша, соңғы бес жылда бейімдеу орталықтары 865 балаға пана болған. Оның ішінде 646 бала отбасына оралып, 169 бала мемлекеттік мекемелерге орнастырылды, ал 7 бала жақын туыстарының қарауына берілген.

               

                                           
Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив