KZ
Өскемен
+17°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Светлана Ерошкина дөңгелек бизнесін дөңгелетіп жүр – ШҚО

7.03.2024, 18:00 120

Күршім өңірінде кәсіпкерлікпен айналысып жатқан қыз-келіншектердің қатары жыл сайын көбейіп отыр. Араларында нәзік жаратылысына қарамастан белі қайыса жүріп, нардың жүгін көтерген аналар қаншама.

Биыл көпір салынып, пайдалануға берілсе, ауданда шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуеті, мүмкіндіктері тіптен арта түсетіні аян, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ришат Искаков, Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ауданымызда кәсіпкерлікпен айналысып, қиын да қызықты кәсіп түрлерімен шұғылданып, жемісті, нәтижелі еңбек етіп жатқан нәзік жандар, қайсар жандар аз емес. «Aqjol» дүкенінің иесі Ләззат Құмарова, «Баян-Сұлу» дәріханасының иесі Фарида Тілеужанова, «А7» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әсемгүл Мауытқазы, «Ерошкина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Светлана Ерошкина сияқты жандар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Ауданда әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 14 белсенді әйелден іскер әйелдер кеңесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әйелдер кеңесі балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 2 226 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген, оның ішінде заңды тұлғалар – 96, жеке кәсіпкер – 909, шаруа қожалығы – 1 221. Осы саладағы әйелдердің үлес салмағы – 39,8 пайыз. Олар айналысып жүрген кәсіптің үштен екі бөлігіне жуығы тамақтандыруды ұйымдастыру, уақытша тұру және көтерме-бөлшек сауда салаларында шоғырланған. 2023 жылы мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы алты әйел кәсіпкерге 24,9 млн теңгенің несие қаражаты бөлінді. Оның ішінде: «АгроНесиеКорпорация» арқылы үш жоба иесі 11,4 млн теңгеге 24 бас жылқы, 13,5 млн теңгеге 36 ірі қара мал сатып алды. Жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы арқылы 12  кәсіпкер қыз-келіншек ірі қара мал, жылқы сатып алуға, сұлулық салонын ашуға 54 млн. теңге несие алды.

Күршімдегі «Ерошкина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Светлана Ерошкина жаны нәзік әйел заты болса да ерлердің ғана қолынан келетін  ауыр кәсіпті атқарып келеді. Екі бала өсіріп, жеткізген ана 13 жылдан бері туған ауылында автокөліктердің дөңгелегін жөндеп,  ауыстырумен айналысып жүр.

Светлана бастапқыда бұл іске осы кәсіппен айналысып жүрген күйеуіне көмектеспек болып араласыпты. Өкінішке қарай бұрнағы жылы сол арқа сүйер азаматынан айырылып қалып, шина құрастыру кәсібін жалғыз өзі жалғастыруға тура келген.

Бүгінде «Ерошкина» ЖК шина құрастыру қызметі орнына дөңгелектерін жөндеуге, ауыстыруға барған келімді-кетімді көлік жүргізушілерінің бәрі де оның сапалы, тап-тұйнақтай қызметіне дән риза. Зілдей дөңгелекті көтеру оған оңай емес, бірақ мұндайда көбінесе жүргізушілердің өзі көмектесіп жібереді. Жүргізушілердің айтуынша, мұндай ауыр жұмысты атқаратын нәзік жанды бұрын-соңды ешқайдан кездестірмеген.

Дөңгелек бизнесін дөңгелетіп отырған қайсар жанға деген аудан тұрғындарының, ауылдастарының ілтипаты ерекше. Күршім ауылының тұрғыны Армен Карапетян әйел болса да ерлермен иық тіресе еңбек етіп жатқан Светланадай жерлестерін мақтан ететінін, оның қай мезгілде де, қай уақытта да  жүргізушілерге көмектесуге әзір екендігін айтады. Күнделікті кәсібінде тұла бойындағы өжеттігімен, ақ адал еңбегімен нанын тауып жүрген жанға көптің құрметі қашанда жоғары.

 

Жанаргүл Мұқатай

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив