KZ
Өскемен
-21°
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
522.42 543.89 5.28

ШҚО-да шайбалы хоккейден жолдастық турнир өтті

Бүгін, 09:00 73 Төлеуғазы Жансая


Қаржылық мониторинг органдарының құрылғанына төрт жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті шайбалы хоккейден жолдастық турнир ұйымдастырды. Бұл шараға Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубының 7-9 жас аралығындағы спортшылары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Үш күнге созылған жарыс тартысты ойындармен есте қалды. Жас хоккейшілер өздерінің ерік-жігерін, шеберлігін және жеңіске деген құлшынысын көрсетті.

– Маған хоккей өте ұнайды. Бұл спортқа келгеніме екі жыл болды. Мен шабуылшымын. Командам әрдайым жеңіске жетіп, биіктен көрінгенін қалаймын, – деді турнирге қатысушы Нұрали Нұрлан.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Pro Hokei Ligasy» тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар әр матчтың алдында LED-экрандар арқылы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді. Шара аясында еріктілер қаржы пирамидалары, лудомания және қаржылық сауаттылық негіздері туралы түсініктемелер жазылған үнпарақтар мен кітапшалар таратты.

– Алты команданың үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Сонымен бірге «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды. Турнирдің басты мақсаты – жас хоккейшілерді ынталандыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Осындай маңызды спорттық шараны өткізуге қолдау білдірген облыстық әкімдікке алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Айдын Молдабеков.

Айта кетейік, 28 қаңтар – қаржылық мониторинг органдарының кәсіби мерекесі. Бұл мемлекеттік орган 2021 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен құрылған және тікелей Президентке бағынады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайды. Оның негізгі міндеттеріне жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару, жалған ақша жасау, экономикалық контрабанда, бюджет қаражатын жымқыру, сондай-ақ заңсыз мұнай және алкоголь айналымы, қаржы пирамидалары, банкроттық сияқты құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жатады.

Арайлым Орсаринова
Фото: Нелли Петенёва

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу