Өскеменде Қыдыр атаның үйі ашылды (видео)
ШҚО жұртшылығы жыл басын өзгеше қарсы алуда. Бүгін Өскемен шаһарындағы этносаябақ кешенінде Қыдыр атаның резиденциясы ашылды.
Мұнда қазақтың дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан сыр шертетін дүниелер қойылған. Резиденцияны тамашалауға келген көпшілік танданыстарын жасыра алмады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиналған жұртшылық Қыдыр атадан бата алып, бүлдіршіндер арнайы қойылған жәшікке тілектерін қалдырып жатты.
Сахна төрінде облыстың шығармашылық ұжымдарының және жеке орындаушылардың қатысуымен ән әуелеп, күй күмбірледі.
Осынау думанды кешке арнайы шақырылған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Абдуллин танымал әндерін орындап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Мерекеге жиылған қала тұрғындары мен қонақтарын келіп жеткен Ұлыстың ұлы күнімен ШҚО әкімі Ермек Көшербаев құттықтап, жылы лебіз білдірді.
Сонымен қатар облыс әкімі биыл Наурыз мейрамы Шығыста бірнеше күн бойы ерекше тойланып жатқанын, ал бүгінгі Қыдыр ата үйінің ашылуы ұлық мерекенің шарықтау шегі болғанын атап өтті.
Сонымен қатар сол жағалау мұражай-қорық кешенінде бұл күні ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнершілердің шеберлік сабақтары, ұлттық спорт ойындары өтті. Балалар мен жасөспірімдер арқан тартысып, асық атты. Тойшыл қауымның көңіл күйі көтеріңкі.
Ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталған бұл мерекелік кештен көпшілік қауым ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.