Республикалық штаб өкілдері ШҚО-дағы уақытша пунктердің дайындығын жоғары бағалады
ШҚО-дағы бірқатар нысандарды аралап көрген республикалық штаб өкілдері халықты уақытша орналастыру пункттері дайындығының жоғары деңгейде екендігін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
100 және 140 адамды қабылдай алатын Өскемендегі уақытша орналастыру пункттері Лев Гумилев атындағы №38 гимназия мен Крупская атындағы арнайы мектеп-интернатта орналасқан. Олар су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар туындаған кезде қажет болады.
Аталған нысандарға Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова, Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов барды.
«Өңірде білім беру нысандарының эвакуациялық пункттер ретінде даярлығы жоғары дәрежеде екендігін атап өткен жөн. № 38 гимназия мен арнайы мектеп-интернат қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын. Барлық нұсқаулар орындалып, педагогикалық ұжым да дайындалған, қажетті материалдармен қамтамасыз етілген, - деді Ернұр Дәуенов.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері су тасқыны және эвакуация жағдайында тұрғындарды уақытша орналастыру мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті. Болуы мүмкін төтенше жағдай оқу процесіне кері әсер етпеуі үшін қашықтан оқытуды ұйымдастыру мониторингіне көп көңіл бөлінеді.
- Мектеп қызметкерлері толықтай дайындалды. Команда бойынша қызметкерлер 1,5 сағат ішінде осында келіп, өз функцияларын орындауға дайын, - деді № 38 гимназияның директоры Галина Парубова.
Уақытша орналастыру пунктінде тұрғындарды қабылдау, тіркеу, орналастырудан бастап медициналық және психологиялық көмек көрсетуге дейінгі іс - қимыл алгоритмі мұқият пысықталған.
Сонымен қатар, тамақтандыру жағы да ойластырылған, ана мен бала бөлмесі де бар.
Төтенше жағдай департаменті және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қауіпсіздік және қорғау шаралары көзделген. Оқушылар үшін қашықтан оқытуды ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Жұмыс сапары аясында Министрлік өкілдері Глубокое ауданында болып, Уварово ауылындағы Уваров орта мектепті және Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебін аралап көрді.