Риддерде жол белгілерін сындырған бұзақылар қолға түсті
Фото: polisia.kz
Риддер қаласында жол белгілерін сындырған бұзақылар қолға түсті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
20 сәуірде Риддер полиция бөліміне қоңырау шалған тұрғындар белгісіз біреулердің үйлерінің алдында қатты айқайлап, екі жол белгісін сындырғанын (жаяу жүргіншілер өткелі мен жол жұмыстары) хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдіктіні анықтаған. Олар 19 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты, жасөспірімдер оқиғаның себебін түсіндіре алмаған.
Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жастарды бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.