ШҚО-да Жаңа жыл қарсаңында заманауи мектеп бой көтерді
Өскемен қаласының іргесіндегі Глубокое ауданы Белоусовка кентінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған. Аталған жоба бойынша салынатын білім ошақтарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.
Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесіне бейімделген мектеп 300 орынға арналған. Білім ошағын салған мердігер ұйым - «Фирма «Азия» ЖШС.
Бүгінде мектепке инженерлік желілер мен кірме жолдарды қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, ғимарат инженерлік желілерге қосылды.
Аталған білім ошағының басты ерекшелігі – «Жайлы мектеп» типтік мектепке қарағанда ауданы бойынша 12 пайызға үлкен және заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен екі есе артық жабдықталған.
Қос қабатты жаңа ғимаратты аралап көрген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов құрылыс жұмыстарының сапасын жоғары бағалады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның айтуынша, барлық сыныптарда соңғы үлгідегі интерактивті тақталар орнатылған. Мектеп озық STEM зертханалар, робототехника кабинеттері, үлкен LED экраны бар акт залы, спорт залы, 112 орындық асхана, сонымен қатар коворкинг және демалуға арналған аймақтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар хореография залы, химия, физика және биология пәндері бойынша сандық зертханалар, «Сурет салу және сызу» кабинеті, «Дизайн және технология» шеберханасы және мектепке дейінгі сыныптарға арналған ойын бөлмесі де бар.
Мектеп аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, әмбебап спорт алаңы, воркаут ойындары мен сабақтарына арналған алаңдар, сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәніне арналған алаң жабдықталды.
Заманауи мектептің тағы бір ерекшелігі – бастауыш және жоғары сыныптарда оқитын балалар үшін кіру есіктері бөлек орнатылған. Бұл тәсіл оқушылар ағынын азайтуға және ересек оқушылардың кішілерді қорлауы сияқты буллингтік әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар пандус, лифт, арнайы белгілер, бөлек дәретхана және инклюзивті сыныптармен жабдықталған. Сондай-ақ, жаңа мектеп ғимараты озық үлгідегі бейнебақылау және өртке қарсы жүйемен қамтылған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген барлық білім ошақтары жергілікті атқарушы органдармен салынған қауіпсіз кіреберістер, автотұрақтар, жарықтандырылған тротуарлар мен жаяу жүргінші өткелдерімен қамтамасыз етілгендігін атап өткен жөн.
№2 Белоусовка жалпы білім беретін мектебі директорының міндетін атқарушы Мархабат Кенчимбаеваның сөзінше, ата-аналар мен оқушылар білім ошағының ашылуын асыға күтуде. Себебі, қазір Белоусовка кентіндегі үш мектепте де оқушылар саны тиісті мөлшерден артық. Бұдан былай, оқушылар кең әрі жарық, жылы, ең бастысы озық үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған зәулім мектепте сапалы білім алмақ.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Аяужан Утеулинова