Бүгін Өскемендегі Арбат алаңында халықаралық бағдарлау фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Норвегия, Швеция, Швейцария, Ресейден және еліміздің түрлі өңірлерінен 200-ге жуық спортшы жиналған аталмыш іс-шара мамырдың 31-не дейін жалғаспақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Шығыс Қазақстан өлкесінің барлық қонақтарына қош келдіңіздер дегім келеді. Баршаңызды спорттық іс-шараның басталуымен құттықтап, сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді ашылу рәсімінде облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев.
Естеріңізге салар болсақ, осыдан жиырма жыл бұрын Өскеменде спорттық бағдарлау бойынша Азия және Тынық мұхиты елдерінің чемпионаты өткен болатын. Сол кезде Қазақстан осындай халықаралық дәрежедегі дүбірлі доданы ұйымдастырған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанған еді. Ол сайысқа әлемнің 17 елінен 700-ден астам спортшы қатысқан.
– Нөсер жауынға қарамастан іс-шарамызға жанкүйер болуға келген жұртшылыққа алғысымызды білдіреміз. Олар көптеген қызықтар мен жаңалықтардың куәсі болары сөзсіз. Жарыстар аса тартысты өтуге тиіс. 31 мамырда фестиваль жабылып, қатысушыларды орта және ұзақ қашықтықтар бойынша марапаттау өтеді. Жеңімпаздар медальдар ғана емес, демеушілерімізден жүлделер де алады. Айта кету керек, міндетіміз – жарыстарды өткізу ғана емес, сонымен қатар Шығыс Қазақстанға туристерді тарту. Қатысушылар Семейде болды, демалыс күндері Риддерге барады, – деді фестивальді ұйымдастырушы, «Вояж» туристік фирмасының директоры, спорттық бағдарлау бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Клиновицкая.
Бүгін спортшылар Арбат алаңындағы сөреден шығып, картаның көмегімен Нұрмағамбетов, Қазақстан көшелері және Әуезов, Жеңіс даңғылдары бойындағы барлық бағдарлау пунктерінен өтті. Сондай-ақ сайыстар Ұлан ауданындағы Жоғарғы және Төменгі Тайынты ауылдары маңында және Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында ұйымдастырылады. Жарыс нәтижесі команданың дистанцияны өткен уақыты мен жинаған ұпайлары бойынша шығарылады.
– Қазақстанға алғашқы рет келіп тұрмыз. Бізді ұйымдастырушылар ерекше қонақжайлықпен қарсы алды. Осы спорт мерекесіне келгенімізге және тіпті бүгінгі жаңбырлы күн райына да ризамыз. Әсем қалаларыңызда бұл фестиваль алдағы уақытта да жалғаса береді деп сенемін. Фестивальға жастар көп келіпті, бұл – қуантарлық жайт, – деді еуропалық спортшы Морган Мартинс.
Фестивальге кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да қатысуда.
– Ұйымдастырушыларға рахмет, мен балалық шағыма қайта оралғандай болдым. Жарыстар өте көңілді өтіп жатыр, – деп әсерімен бөлісті Өскеменнің тұрғыны Сабина Ахмадиева.
Айта кетейік, фестивальді дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.