Алдыңда ағаң болған қандай жақсы
Ел арасында ақсақалдар азайып бара жатыр. Азайғанда, олардың жасы кеп шаршаңқырап қалғандары, сырқатқа шалдыққандары немесе дәм-тұздарының таусылып о дүниеге аттанып кетіп жатқандары бөлек әңгіме.
Қазір айналаңа көз жүгіртсең, айтса сөзі байыпты, өзі қандай құрметке болсын лайықты, елдің бірлігі мен тұтастығына, ынтымағы мен татулығына, жас ұрпақтың болашағына алаңдайтын абыз ақсақалдар да қалмай барады. «Ондай ақсақалдар арамызда мүлдем жоқ!» деп айтуға аузың да бармайды. Бар, әрине. Бірақ, тым аз. Саусақпен санарлықтай ғана.
Көпшілігі кешегі Кеңес одағының 70 жыл бойы жүргізіп келген партиялық идеологиясына суарылған, сол иедалогия сүйектеріне әбден сіңіп кеткен, көрген-білгені, тірліктен түйгені шамалы, өз ұлтының тіліне де, дініне де тіпті өз ұрпағының келешегіне де жүрдім-бардым, атүсті қараған қара шалдар. Олар кеңес идеологиясына өздері ғана уланып қоймай, ұл-қыздарын да сол кезеңдерде орыс мектептеріне берді. Олар өз кезегінде орысша білім алып, орысша тәрбиеленіп, қазақы имандылық пен ибадан, тәлім мен тәрбиеден мақұрым қалды. Өкінішті ме, өкінішті әрине?!
Көпшілікке күйе жағып, топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, қазіргі күні өз қандастарына «Мәмбеты!» деп шекеден қарап, орынды-орынсыз орысша шүлдірлеп, өз кезектерінде балаларын да орысша оқытып, қазақ халқына қарсы тәрбиелеп жатқандардың басым көпшілігі сол қара шалдардың ұл-қыздары. Бұл да – өкініш. Өкініш болғанда, орны толмас, үлкен өкініш.
Азаматтық болмысын жоғалтпаған
Ал, сол коммунистік партияның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс боп, шаш ал десе, бас алып тұрған шағында, сол партияның толыққанды мүшесі бола жүріп, небір лауазымды қызметтер атқара біліп, өзінің ұлттық ерекшелігін, қазақы намысын, мұсылмандығын, ең бастысы азаматтық, адамгершілік болмысын сақтап қалған адамдар да бар.
«Ондайлар саусақпен санарлық қана» деп қынжылып отырғанымыз да сол. Сондай аузы дуалы, сөзі уәлі, аймағымызға абыройлы, асқартау ағаларымыздың бірегейі бүгін-ертең 85 дейтін сеңгірге ту қадағалы отырған Сайлаухан Аухадиев.
Ақсақалдың мерейлі мерекесінің қарсаңында арнайы жолығып, өткен-кеткені мен бүгінгі жеткенінен аз-кем әңгімелеп беруін өтінген едік.
Сөз байласқан уақытта үйіне барсақ, ағамыз сұхбат барысында қажет боп қалады-ау деген деректері мен керектерін әзірлеп күтіп отыр екен. Айтар жоқ, столының үстіндегі қағаз-қаламдары мен бір шетте үйіліп жатқан газет-журналдарға, түрлі кітаптарға қарап ағамыздың ұқыптылығын, әлі де болса біраз дүниелерді жазып-сызатындығын, елі ішіндегі, өңіріміздегі боп жатқан саяси, мәдени басқа да жаңалық атаулыдан құралақан еместігін байқадық. Төрдегі шкафка рет-ретімен қойылған рамкаға салынған алуан түрлі суреттер, қасиетті құран кітабы мен таспиық, ақсақалдың үлкейтіп салынған портреті, жас күндерінің белгісіндей боп беті сарғая бастаған суреттер, адал еңбегі үшін алған медальдары мен ордендері, мақтау грамоталары бәрі-бәрі ақсақалдың өткені мен кеткенінен сыр шертіп тұрғандай. Сөйлеген сөзі байыпты, киген киімі қонымды, жүріс-тұрысы да ширақ, өзіне жарасып-ақ тұр.
Тіфәй-тіфәй, тілім тасқа.
Жасырып-жабары жоқ, «Иә, адам қартайған соң осылайша әдемі қартая білу де – айналаңа абырой, келешек ұрпағыңа үлгі-өнеге екен-ау?!» деген ойға қалдым.
Жүріп өткен өмір жолынан бастап, сөйлеген сөзі, атқарған ісі, адамгершілігі мен атпал азаматтығы соңынан ерген інілеріне үлгі-өнеге боларлық алдыңда ағаң болған қандай жақсы...
Сайлаухан ағамыз сонау 1939 жылдың 24 желтоқсаны күні күнгейдегі Күршім ауданына қарасты Бестерек колхозының Көкенбұлақ мал қыстағында дүниеге келген екен.
- Қазір сол Бестерке ауылы мүлдем жойылып, орны ғана қалған. Сол кезде қазіргі Күршім ауданына қарасты Бестерек, Көкжота, Қызылтас, Теректібұлақ деген шағын-шағын төрт колхоз болған. Кейінірек осы төрт колхозды біріктіріп Жамбыл колхозын құрды да, тұрғындарының барлығын орталыққа көшірді. Орталығы Теректібұлақ болды, – деп еске алады ақсақал, сонау бір жылдардың жылғасында жасырынып қалған қайран балалығын.
- Әкем Әбілхан майданға аттанғанда мен әлі ес білмеген, бар болғаны төрт-бес жасар баламын. Шешем таңның атысынан күннің батысына дейін қырманда жұмыс істейді. Ауылды шолақ белсенді дегендер болды. Солар біз кішкентай бала болсақ та, «Мынау бұғанасы бекімеген бала екен-ау, шамасы келмейді-ау!» демейді, әкіреңдеп бізді де, үйде отырған қарт адамдарды да жұмысқа салатын.
Сол кездегі шешемнің қайсарлығына осы күнге дейін қайран қалам. Әкем майданға кеткен жылы туған Жаңылхан қарындасым бар, омырауда. Шешем ала таңнан сол баласын бесікке бөлейтін де, бесігімен арқалап ауылдан бір шақырымға жуық қырман басына бірге алып баратын. Сол жерде жұмысын істей жүріп, ара-арасында баласын емізетін еді, жарықтық. Кей күндері ыңғайы келгенде бесіктегі баласының басындағы кішкентай жастығының ішіне бидай салып алып қайтып, біздерді сол күні тойдыратын. Ол кездегі заң бойынша бір келі бидай ұрласаң сотталасың. Бидайды шөкімдеп, алақанның ойығына салып, өлшеп қана, дөңгелек аласа үстелдің шетіне, әрқайсымыздың алдымызға салып беретін. Біз бірақ оған тоймайтынбыз. Сонда шешем: «Құлындарым, барға қанағат етейік. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады» деген дана халқымыздың сөзін әрдайым біздің есімізге салып: «Әкелерің соғыстан ертең-ақ келеді, сендердің қарындарыңды тойғызады» деп көңілімізді жұбататын еді. Өзі күні-түні колхоздың әртүрлі жұмыстарында жүрсе де, үйдегі төрт баласын асырап, кәрі ата-енесіне қарап үлгеретін.
Жас едім, өмірге еркін бойламаған
- Әкеңіз есіңізде бар шығар, қандай адам еді?
- Әкем жарықтық ұзын бойлы, кең жауырынды, келбетті, шаруаға тиянақты адам еді. Майданнан «Трудармияда» болып, қол-аяғы сау, жақсы мінездемемен келсе керек. Көп ұзамай аудандық партия комитетіне атқосшылық қызметке қабылданды да, әкеміздің қызмет бабына байланысты аудан орталығы Күршімге көшіп барып, бастауыш мектепті сол жерден бітірдім. Мен он екіге толған жылы, яғни, 1951 жылы әкем 40 жасында қайтыс болды.
- Қап, жастай кеткен екен,ә?!
- Иә, жас кетті, 40 жас деген не? Нағыз өмір сүретін, қамал бұзатын шағы болатын. Анамыз Үмілгүлсімнің қолында саусақтың бес тармағындай болған бес баланың алды он төрттегі Қыдырхан, он бірдегі мен, тоғыздағы Жаңылхан, соңғылары беске толмаған егіздер Базархан мен Жамалхан асыраушымыздан, қорғанымыздан айырылып, жылап-еңіреп жетім қалдық.
Ол кезең соғыстан кейінгі халықтың әл-ауқаты ауыр кезең еді ғой. Ауылдағы тұрғындардың күнкөрісін еске түсіріп, көз алдыма елестетсем, жүрегім ауырып, көңілім бұзылып сөз қозғағым келмейді. Бірақ, бүгінгі мен кейінгі ұрпақ білсін деп өмірімде көрген кейбір жағымды-жағымсыз сәттердің бірін баяндай кетейін. Бір күні таңертең ерте анамыз есік алдында аяқ киімін жамап отыр еді. Мұқылыс деген бригадир атын ойната кеп, айғайлап боқтап, тез жұмысқа шыға қоймадың деп анамды қолындағы қамшысымен тартып-тартып жіберді. Араға түсіп кек алатын шамам жоқ. Анам да, мен де жыладық. Мен сонда бар болғаны төрт жастамын. Келінін қорғайтын атам Аухади, әжем Балқия мен ағайым Қыдырхан жайлауда болатын. Қайсыбірін айтасың, сол кездегі тұстастарым көрген жоқшылық пен ауыртпашылықты да, әлгіндей әлімжеттікті де бір адамдай көрдік. Енді ол күндерді ойға алудың өзі ауыр. Сондықтан ондай қиыншылықты елімізге бермесін деп тілейік.
- Айтқаныңыз келсін. Сонымен, мектепті қай жылы, қайдан бітірдіңіз?
- Мен мектепті 1957 жылы қазіргі Құйған ауылындағы интернаттан бітіріп шықтым. Интернаттың тіршілігін де өзің білесің. Онда да отын дайындау, қамыс шабу, су тасу, қар күреу секілді таусылып бітпейтін науқандық жұмыстар көп болатын. Тойып тамақ ішпейтін ашқұрсақ күндер мен мазасыз, ұйқысыз түндер. Интернат үш мезгіл тамақ береді. Жоқшылық уақыт болғасын, тамағы да нәрсіз. Қара нан беретін, оны алақаныңа салып қыссаң, суы шығып тұратын еді. Сол қара нанмен өзегімізді жалғай жүріп ер жеттік қой...
- Мектеп бітіргесін қайттіңіз?
- Мен сабақты жақсы оқыдым. Әсіресе, математикаға жүйрік едім. Әкем жарықтық қайтыс боларынан бұрын шешеме: «Осы сары ұлымнан бірдеңе шығады. Басқа балаларды оқытпасаң да, шамаң келсе осыны оқыт!» деп аманатын айтып кеткен екен. Содан, қолымызда аузымызды аққа жарытып отырған жалғыз сиырымыз бар еді. Анам соны сатып, мені оқуға жіберді.
- Қандай оқуды таңдадыңыз?
- Ол кезде конкурс өте жоғары әрі қатал еді ғой. Дәл сол тұста «Түлектер мектептен кейін бірден оқуға түспей, екі жыл өндірісте жұмыс істеулері керек!» деген үкіметтің бір қаулысы шыға қалды. «Өндірісте екі жыл жұмыс істегендерге оқуға түсулеріне жеңілдік болады» деген қосымша тармағы тағы бар, әлгі қаулының.
Ажарына ақылы сай жан еді
- Осы жерде бір сауал туындайды. Қалай ойлайсыз, мектепті енді ғана тәмамдап келген түлектердің бетін қайтарып, екі жыл бойы жұмысқа жегіп қою қаншалықты дұрыс шешім болды? Екі жылда қандай озат оқушы болса да қарайып қалмай ма?
- Дұрыс айтасың, бұл – мектепті енді ғана бітіріп келген түлектерге жасалған қиянат деуге болады. Қандай жақсы оқыған балалар бір ғана балдың жетпегендігінен ауылға кері қайтып барып, қара жұмысқа жегілді. Одан ары ұл балалар әскерге шақырылып, қыздар тұрмысқа шығып кетіп жатты. Осылайша мектепте жақсы оқыған көптеген оқушылар білімсіз, мамандықсыз қалып қойды. Сонда, он жыл бойы оқып алған білім қайда қалады?!
- Өзіңіз ауылға қайтушылардың қатарына ілінген жоқсыз ба?
- Жоқ, мен әйтеуір бір Алла жар болып, оның үстіне сабағым да жақсы болды дедім ғой. Сол жылы Алматының ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түстім.
- Студенттік шағыңыз әсем қала Алматыда өткен екен ғой?
- Әсем қала дегенде, ол кездегі Алматы кәдімгі ауылды жерден айырмашылығы шамалы болатын. Көпшілігі жер үйлер. Көшелеріне асфальт төселмеген, ми батпақ. Кей көшелеріне қиыршық тас төгіп қоятын. Ол бәле аяқ киімнен аяқ киім қоймай, жеп тастайтын еді. Алматының әсем қала атанғаны бертініректе ғой...
- Содан бес жыл студент болдыңыз?
- Мен де солай ойлағам, алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен.
- Неге, не боп қалды?
- Мен бірінші курсты бітірген жылы өзімнен үлкен Қыдырхан деген ағам әскерге алынды да, көп ұзамай елден «Анаң сырқаттанып қалды!» деген хабар келді. Содан анамның сырқатына байланысты бір жыл академиялық демалыс алып, ауылда жұмыс істеуге мәжбүр болдым.
- Қай жылы үйлендіңіз, жеңгеймен танысқан кезіңіз есіңізде ме?
- Әрине, бәрі де есімізде ғой. Ол күндерді ұмыту мүмкін бе?! Төртінші курсты бітірер-бітірместен бізді сонау арқа жеріндегі Есіл ауданына тың игеру жұмыстарына төрт айлық өндірістік практикаға жіберді. Сол практикаға бірге аттанып бара жатқан группалас досымды сөз байласып жүрген қызы шығарып сала келген екен. Қасында бұрымы иығына түскен, ажары айдай әдемі құрбысы бар. Әлгі жерде бәріміз таныстық. Жетісу өңірінің қызы, есімі Жәмила екен.
Мекен жайын жазып ап, төрт ай бойы хат жазысып, анда-санда переговорный пункттен хабарласып тұрдық. Ол кезде қазіргідей телефон, ватсап деген дүниелер жоқ.
- Ақыры шаңырақ көтердіңіздер?
- Иә, бәрі де Алланың қалауында ғой. Оқуымды бітіргесін шешемді ертіп апарып, Жетісу елімен құдаласып тұрмыс құрып кеттік. Жеңгең, ажарына ақылы сай жан еді. Төрт қызымыз бар. Барлығы да үйлі-баранды, балалы-шағалы дегендей. Тек, бір өкініштісі, осы балалардың, немере-шөберелердің қызығын жеңгең бірге көре алмай кетті. Ол кісінің дүниеден өткеніне де біраз боп қалды. Қазір үшінші қызым қолымда, бірге тұрамыз.
- Сауалым жайсыздау болса, жауап бермесеңіз де болады. Білсем дегенім, Жәмила жеңешем неден қайтыс болды, ауырды ма?
- Тағдырдың жазуына шара жоқ екен. Қазақта «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген сөз бар ғой. 2007 жылдың желтоқсанының соңында, 45 жасында, кенеттен Қыдырхан ағамның ұлы Ермек бауырымның жүрегі тоқтап қалды. Оның қырқын өткізгеннен кейін соңымнан ерген Базархан інім, ауруханада миына қан құйылып, қайтыс болды. Алланың дегеніне көніп, енді есімізді жиямыз ба деп, Базарханның қырқын бергенде, жан-жарым Жәмила, Сарыағаш курортынан Шымкент қаласына, туған әпкесі Нағима Халыққызына келіп, кенеттен ауруханада мәңгілікке көз жұмды. Алланың жазуы ғой, үшеуі де қас пен көздің арасында, ойламаған жерден бірінен соң бірі, ешкіммен қоштасып та үлгермей, о дүниелік боп кете барды.
Бірінен соң, бірі келген қайғылардан қан жұтып, ағайынды үш отбасы, айналдырған төрт айдың ішінде (2007 жылдың желтоқсаны мен 2008-дің наурызы аралығы) үш бірдей аяулымыздан айырылып аһ ұрып қалдық. Мен есімнен адасып қала жаздап, жаралы – қаралы, тірі – өлкі боп, соңында қалған тірілерге бас-көз болып қала бердім. Тірі кісі тіршілігін жасайды екен.
Үш ауданның құрметті азаматы
- Сіз облысымыздың бірнеше ауданында лауазымды қызметтерде болған екенсіз. Ол кезде ондай қызметтерге аудандық компартияның сұраптаруынан өтікізіп барып бірақ тағайындайды ғой? Сол кездегі кадрлық тағайындаулар мен бүгінгіні салыстыруға келе ме?
- Ол заман мен бүгінгі күнді салыстыруға мүлдем келмейді. Тіпті «Жер мен көктей» десем, артық айтқаным емес. Ол кезде колхоздың партком, бас агроном, бас инженер, бас зоотехник деген секілді бапсқа да бас мамандарын аудандық партия комитеті өзі таңдап, жан-жақты тексеріп барып қызметке тағайындайтын. Аудандық деңгейдегі қызметке тағайындамас бұрын кез келген жас маманды міндетті түрде алты айлық партия мектебінің курсына жіберіп оқытып алатын. Қазір сол тәртіп жоқ. Қалтасында қаражаты барлар мен жоғары жақта таныс-тамыры барлардың бәрі бастық.
Өзің айтып отырғандай мен облысымыздың Күршім, Үлкен-Нарын, Марқакөл және Тарбағатай аудандарында біраз қызмет атқардым. Тарбағатай ауданында 1980-90 жылдары он жыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы боп қызмет еттім. Тарбағатай халқының саны да, сапасы да өзге аудандардан басымдау әрі қазақы қаймағы бұзылмаған, бірлік-берекесі бар аудан.
Содан тәуелсіздік алардан бір жыл бұрын, яғни, 1990 жылы облыстық партия комитетінде ауылшаруашылық саласының хатшысы болдым.
- Еңбегім дұрыс бағаланбады дегендей, өкпе-ренішіңіз жоқ па?
- Олай деп өкпе-реніш айтуыма негіз жоқ. Қызметте жүрген жылдардың қызығы да, шыжығы да болды. Шамам келгенше жоқ-жітіктер мен жетім-жесірлерге қол ұшын создым. Оның бәрін тәптіштеп, тізбектей беретін емес. Өзім қызмет еткен аудандардың Құрметті азаматы деген атақтарын беріп жатыр. Қызметтің арқасында Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты да болдым. Ел бармаған жерлерге де бардым. Сондықтан ешкімге де, ештеңеге де өкпелімін деп айта алмаймын. Алланың берген әулеті мен дәулетіне де, осы берген жасына да, берген абырой-беделіне де разымын.
Халықта: «Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық» деген сөз бар. Енді міне 80-нің сеңгіріне келгенімде, өзім де жай қатардағы көп қарияның бірі емес – абзал ақсақал болуға талпынып жүрмін. Біраз жылдан бері Өскемен қаласының ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып сайланып, солардың сенімін ақтау жолындамын. Ақсақалдық – абзал да, абыройлы қасиет. «Абзал ақсақалдық, қадірлі қариялық» деген ұғым бар. Соның салмағын, бүгінгі де, ертеңгі де ардагерлер төмендетіп, жоғалтып алмайық!» дегім келеді.
- Кеңес үкіметінің тұсында діндар адамдарды қудалап, біраз қысымшылықтар болғанын білеміз. Өзіңіз ондай науқандарға қатыстыңыз ба?
- Иә, ондай да бір келеңсіз кезеңдердің болғаны рас. Ондай науқандармен арнайы бөлімдер айналысатын...
Алайда, бізге ата-анамыз ес білгелі Алладан қорқуды, жалған сөйлемеуді, кісіге қиянат жасамауды құлағымызға құйып өсірді. Мен он жасымнан әкем Әбілхан қайтыс болғаннан бастап, анамның талабын орындап, Мұқаш деген молдадан жазып алып үйренген фатиха мен ықылас сүрелерін әр жұма сайын оқып жүрдім. Комсомол, кейіннен коммунист болсам да, олардың мүшелеріне құран оқуға тыйым салынса да, үйде бөтен ешкім болмағанда аталған сүрелерді тұрақты оқуды әдетіме айналдырғам. «Ана үлгі береді, ата нұсқа қалдырады» деген. Атам Аухади ғибратты өмір жолын бізге нұсқап кеткен екен. «Жүрген жеріңде көптің бірі болма, алды бол, абыройлы бол!» деп батасын беріп еді.
Сондықтан қай жерде, қандай лауазымда жүрсем де ішкі дүниемде бір Аллаға сенуден, содан жәрдем сұраудан, мейілінше таза жүруден жаңылған емеспін.
Әңгімеңізге рахмет, аға!
Келіп жеткен мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Алла тағала бойыңызға қуат, ойыңызға шуақ берсін!
Серік Құсанбаев