Самарлық ән мен күйден шашу шашты
Самар аудандық мәдениет үйінің көркем өнерпаздары Үлкен Нарын ауданына гастрольдік сапармен барып қайтты. Осылайша, самарлық әртістер облыс әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Дархан Рамазанұлының айтуынша, олар Үлкен Нарындағы мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен етене танысып, жергілікті көркем өнерпаздармен емен-жарқын араласып, өзара тәжірибе бөліскен.
«Самардан ескен ән самалы» атты концерттік бағдарлама барысында самарлықтар репертуарындағы ең үздік нөмірлер көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік шарада соло-әртістер, дуэттер, трио, «Samar Sazy» вокалдық-аспаптық ансамблі әннен шашу шашқанын ерекше атап айта кетелік. Самар аудандағы эстрада өнерінің бағындырған биігін, шыққан шыңын осы көркем өнерпаздарсыз әсте елестете алмаймыз. Самарлық әртістерге деген халықтың ықыласы мен көңілі де ерекше.
Концертте «Samar Sazy» вокалдық-аспаптық ансамблінде өнер көрсеткен 7 сынып оқушысы Диас Рахимов та аға буын өкілдерінен қалыспай, өнерін көрсетіп, халықтың көңілін тербеді. Ал «Шашбаулым» би тобы мың бұрала би билеп, «Забава» халық ансамблі әндерді әуелете шырқап, тамаша өнер өрнектерін көрсетті.
Мерекелік шара соңында аудан әкімінің орынбасары Раджан Бақытбекұлы самарлық өнер ұжымына алғыс хаттарын табыстап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Қалай десек те, бұл жолғы самарлықтардың Үлкен Нарын ауданындағы концерттік бағдарламасы өте сәтті өтті. Үлкен нарындықтар бұл шараны әлі талай аузынан тастамай айтып, Самардың сыйлаған шуағына жылынып жүретін болады.
Ажар Мұратқызы