Жұмыспен қамту – жаңа өмірге жол ашу
Фото: pexels.com
Адамға ең ауыр тиетіні – жұмыссыз өткерген күндері. Арманға қанат байлар мүмкіндікті жоғалтып, отбасының тірегі бола алмаған кез келген жанның жүрегі сыздайтыны анық. Бірақ үміт үзілмейді. Өйткені әрбір адамның еңбек етіп, болашағын жарқын етуге құқығы бар. Әсіресе, қиындыққа қарамастан алға ұмтылған көпбалалы аналардың, ерекше қажеттіліктері бар жандардың, жастық жалынмен өз жолын іздеген жастардың өмірін өзгерту аса маңызды.
Өскеменде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту шаралары осындай сансыз тағдырға сенім мен қуаныш сыйлады. Бұл тек еңбекпен қамту ғана емес – бұл жаңа өмірге жол ашу.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге және әлеуметтік қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған.
Осы мақсатта биыл Өскемен қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Әлеуметтік салада Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында қалада 14487 жұмыс орнын (11448 тұрақты және 3039 уақытша жұмыс орны), оның ішінде 2886 субсидияланатын жұмыс орнын құру, 303 адамды кәсіпке оқыту жоспарланған.
Жалпы 3286 тұрақты жұмыс берілді. Оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына 2261 адам орналасты, атап айтсақ әлеуметтік жұмыс орындарына 150 адам, қоғамдық жұмыстарға 1300 адам жөнелтілді, «Жастар практикасы» жобасы аясында 203 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 194 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша 414 адам еңбекпен қамтылды.
Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына жалпы құны 118 миллион теңгенің 80 гранты берілді, әр гранттың мөлшері 1,5 миллион теңге болды. Грант иеленгендер қатарында 41 көпбалалы ана, 14 мүмкіндігі шектеулі адам, 12 ерекше балаларды тәрбиелеп отырған адам, 9 асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алушы, екі атаулы әлеуметтік көмек алушы және екі қандас бар.
Сонымен қатар 1783 адамнан тұратын 400 отбасы 159,2 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алып отыр.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметі аясында 33 демалыс секциясы бар 16 нысан зейнеткерлер үшін қолжетімді, оларға 981 адам барады, 9 нұсқаушы еңбек етеді. Біліб бөлімінің басшысы Камшат Сейсенғазықызының айтуынша ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 107 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделіп, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Өскемен қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бағытында жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде мыңдаған азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, ал әлеуметтік әлсіз топтарға түрлі қолдау көрсетілді. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етті.
Алдағы уақытта да еңбек нарығын тұрақтандыру және әлеуметтік қолдау бағдарламаларын дамыту мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады.
Ержан Әбіш