Өскеменнің саңлақтары ерлеп тұр
Фото: Altainews
Өткен апта өзгемен бірге, спорттық іс-шараларға да бай болды. Төрткүл дүние көз тіккен шетелдегі байрақты бәсекелерден бөлек, еліміз бен облысымызда да бірқатар маңызды жарыс ұйымдастырылды. Саңлақтарымыз дүбірлі додалардан олжалы оралды. Республикамыздың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен сол іс-шараның кейбіріне тоқталсақ.
Фаина Мейірманова: – Мақсатыма жете білдім
Өскемендік спортшы Фаина Мейірманова Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Х Азия-Тынық мұхит ойындарында тамаша өнер көрсетіп, дүбірлі доданың екі бірдей медалін жеңіп алды. Күні кеше Өскемен әуежайында сужаңа чемпионды бір топ жанкүйері күтіп алып, спортшыға зор қошемет көрсетті.
Айта кетейік, Малайзия жерінде өткен байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз ұзындыққа секіру сайысында алдына жан салмай, доданың алтын медаліне қол жеткізді. Өскемендік бұрымды 5 метр 55 сантиметрге тең межені еңсерді. Сол сияқты Фаина 4х100 эстафестасына қатысып, ойындардың қола жүлдесін ие болғанын айтқан жөн.
Еске салайық, бұл – Фаинаның биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі емес. Жерлесіміз сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жалауын желбіреткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізген болатын. Сол сияқты, шілде айында Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан-ды.
Сурдо-жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы және Фаина Мейірманованың жеке бапкері Богдан Весельский Малайзиядағы жарыс өте тартысты өрбігенін, дегенмен шәкіртінің жеңісіне еш күмәнданбағанын айтты.
– Фаина – есту қабілеті бұзылған спортшы. Соған қарамастан, ол өте талапты жан. Алдына бір мақсат қойса, соған жетпей қоймайды. Оның әлеуетін жақсы білеміз. Сондықтан, оның жеңісіне деген сеніміміз зор болды. Енді келесі жылдың күзінде Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар, менің шәкіртім кәдімгі спортшылар арасындағы жарыстарға да қатыса алатындықтан, биыл Перу астанасы Лимада өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында да бақ сынап, жүлдеге таласатын боламыз. Алдағы мақсат-міндеттеріміз осындай, – дейді бапкер.
Ал енді Малайзиядағы жарыс туралы аз-кем сөз саптасақ, биылғы байрақты бәсекеде біздің елдің құрамасы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша қоржынымызда үш алтын, сегіз күміс және алты қола медаль. Бұл рекорд деуге болады.
Жас балуандар облыс әкімінің кубогын сарапқа салды
Өскеменде Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің кубогы үшін еркін, грек-рим және қыздар күрестерінен аймақтық жарыс өтті.
Қаладағы Жекпе-жек сарайында жалауын желбіреткен байрақты бәсекеге Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан 2008 бен 2013 жылдар арасында туған 200-ге жуық спортшы қатысты. Аталмыш жарыстың тағы бір ерекшелігі, турнир командалық форматта өтті. Ал мұндайда бір ғана спортшының емес, тұтастай команданың дайындығы шешуші рөлге ие болады. Бұл туралы жарыстың басы-қасында жүрген облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров айтты.
Осы ретте, Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ермек Көшербаевтың өзі де келіп қатысқанын айтқан жөн. Жарыс алдында аймақ басшысы спорт саласының ардагерлерімен кездесіп, оларды келе жатқан мейрамдармен құттықтады. Бұдан соң жарыс қатысушыларына да сәттілік пен жеңіс тіледі.
Аймақ басшысы айтқандай, бұл жарыста, шынымен де жеңілген балуан болмайды. Олай дейтініміз, Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқан доданың ұйымдастырушылары қатысушыларға тамаша бір сыйлық дайындап қойыпты. М.Мұзапаровтың сөзіне сенсек, биылғы турнирге қатысқан барлық спортшы демеушілер атынан ақшалай сыйлықтарға ие болмақ.
Ал енді жарыс қорытындыларына келсек, бұл жолы қыздар арасындағы сайыста бірінші орынды Глубокое ауданының командасы жеңіп алды. Аталмыш сында екінші орыннан Шемонаиха ауданының құрамасы көрінсе, үшінші сатыға самарлық қыздар көтерілді. Грек-рим күресінен өткен сайыста облыстық спорт интернатының командасы топ жарса, екінші орынға «ТМК» командасы ие болды. Ал үздік үштікті «Жекпе-жек» командасы түйіндеді. Аса тартысты өткен еркін күрес бәсекесінде тарбағатайлық балуандарға тең келер қарсылас болған жоқ. Бұл сайыста Өскемен қаласының командасы екінші, ал Ұлан ауданының құрамасы үшінші орын алғанын айту керек.
Гимнастшыларымыздың алар асуы алды
Өскеменде еліміздің Тәуелсіздік күніне орай көркем гимнастикадан ерекше жарыс өтті. Оған барлығы төрт жас санаты бойынша 350 спортшы, 23 команда қатысты.
Биылғы додада бақ сынағандардың бірі – Айзере Рахметқали. Талапты жастың бұл спорт түріне ден қойғанына көп бола қоймапты. Дегенмен, оның алдына қойып отырған мақсаттары зор екен.
Айтулы жарыстың бас төрешісі Александра Феоктистова көркем гимнастика қажырлы еңбекті талап ететін спорт түрі екендігін айтты.
Тартысты өткен жарыс соңында қатысушыларды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Нұржан Кенжеұлы