Жас өрендер жүлдемен оралды
Фото: pexels.com
Самар ауданындағы №1 орта мектептің оқушысы Ильгиз Кельгерун Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған 2011-2012, 2013-2014 жылғы жасөспірімдер арасында өткен облыстық бокс турнирінен жүлдемен оралды.
Ильгиздің бокспен шұғылданғанына небәрі үш жарым ай ғана болған екен. Десе де, ол соған қарамастан үздік нәтиже көрсетіп, қола медальді қанжығасына байлап қайтқан. Оның бапкері Ерасыл Дәулетқанов та Ильгиздің болашағынан зор үміт күтеді.
Алғашқы жарысында осындай жетістікке қол жеткізген ұлын анасы Маржан Кельгерун мақтан тұтады.
Бұл дүбірлі додаға Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев орта мектебінің 7 сынып оқушысы Диас Құмарбеков қатысып, үшінші орынды иеленді. Ол үш жылдан бері бокспен шұғылданып жүр. Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысып, талай турнирлерден жүлдемен оралып жүрген жігерлі жастардың бірі.