KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность Штиль
523.86 544.34 5.11

Облыста «Аяз Ата – Ақшақар-2024» фестивалі мәресіне жетті

Кеше, 18:00 111 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстанда «Аяз Ата – Ақшақар-2024» фестивалі өз мәресіне жетті. Бүгін Өскемен қаласындағы Республика алаңында үш күнге созылған ауқымды іс-шараның қорытындысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл республикалық деңгейдегі фестиваль облыс әкімдігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылды. Шараға еліміздің әр түкпірінен – Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жетісу, Павлодар, Ұлытау облыстарынан және Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан 200-ден астам Аяз Ата мен Ақшақар қатысқан. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қасеновтың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныстыру.

Шығыс өңірінің әсем табиғатын, ерекшелігін көрсету үшін осындай фестивальді ұйымдастыруды жөн көрдік. Біздің өңірдің қысы да, жазы да ертегі әлеміндей көрініске толы. Аяз Атаның өзі де осы Алтай жерінен шыққан дегенге сенуге болады. Үш күнге созылған бұл шара қонақтар мен облыс тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады деп ойлаймыз, – деді С. Қасенов.

Фестивальге еліміздің әр аймағынан жиналған Аяз Аталар мен Ақшақарлардың өнер көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Ал басты Аяз Ата мен Ақшақар Катонқарағай ауданынан келген.

– Үш күн бойы облыс тұрғындары мен, әсіресе, балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қуаныш сыйлап жүрміз. Барша шығысқазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Әр отбасыға бақыт пен табыс тілеймін! – деді облыстың бас Аяз Атасы.

Ол мерекелік шара аясында Өскемендегі Солжағалық кешеннің этнопаркінде орналасқан Аяз Ата резиденциясының ашылуына қатысты.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев және басқа да лауазымды тұлғалар болды.

Этнопаркте мерекелік концерт ұйымдастырылып, көрермендер алыстан келген Аяз Аталар мен Ақшақарлармен бірге ән айтып, би билеп, түрлі флэшмобтарға қатысты. Шараның тағы бір жарқын сәті – Республика алаңында өткен мерекелік шеру болды. Аяз Аталар мен Ақшақарлардың шеруі қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.

Фестиваль бағдарламасының маңызды бөлігі – алаңдағы концерт. Оған облыстың танымал өнерпаздары қатысып, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Жаңа жыл мерекесінің басты символы – жаңажылдық шырша жағу рәсімі де осы күні өтті. Мерекелік концерт дискотекаға ұласып, тұрғындардың көңіл-күйін көтерді.

Нұржан Кенжеұлы
Фото: Аяужан Утеулинова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу