Түспесін төмен байрағың, төбеңе көтерген
Шығыс өңірінде өлең өлкесіне құлаш ұрған жас ақындардың қатары жылдан-жылға молая түсуде. Солардың басым көпшілігі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенттері екендігі қуантады. Олай болуы заңды да. Себебі, ол жерде университет ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен 15 жылдан соң қайтадан ашылған «Семсер» ақындар мектебі жүйелі түрде өз жұмысын жүргізуде.
Бекарыс Секен
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 4-курс студенті
Тәуелсіздік
Толағайдан ескендей жырдың лебі,
Толғау-толғау дастан бар бұл күндері.
Ақ дүниеге келгенмін арда өлеңмен,
Азаттық деп жазармын бір күндері.
Қастер тұтып қара шал құрама ерін,
Құла түзде құйғытқан Құлагерін.
Таудан аққан тасырқап, жарға шөккен,
Тәуелсіздік мөлдір үн, бұлақ едің.
Сұлу сазды толғармын таңда сірә,
Шығып алып Тазтаудың жар басына.
«Қайран Ертіс, қалың ел, қара орман!» деп,
Отан жайлы айтармын жолдасыма.
Жарқылына нажағай қайралайын,
Алматының алаңын ойға алайын.
Азаттықты аңсаған арысым-ай,
Тәуелсіздік жырыңнан айналайын!
Әуенімді тыңда өлкем, әуелетем,
Күмбірлейді бүлкілдеп бұла мекен.
Тәуелсіздік деген үн, қастерлі жыр,
Ең аяулы сөздерден тұрады екен!
Бекарыс Нұрымхан
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 2-курс студенті
Ұлы дала сарыны
Алласына зікір айтып әр ақ таң,
Төскейіне тектілігін таратқан.
Ежелден-ақ Хақ Тағалам бәрінен,
Нәсілімді артық қылып жаратқан.
Босатқанда қылышының қынабын,
Теңіздерге тең көретін бұлағын.
Тоқтамаған тұлпарының дүбірі,
Аспанында қалықтатқан қыранын.
Тағдырының талқысына тез енген,
Мылтықтан да сескенбейтін кезенген.
Хан Шыңғыстың ұрпағымыз бағзыдан,
Алтын тақтың мұрагері ежелден.
Қақ алдында неше түрлі қатпардың,
Алашыма арынымды ақтардым.
Бабалары шеттерінен баһадүр,
Сарқытымыз даңқы биік сақтардың.
Мүддесі бір күллі қазақ жұртының,
Арман болған бір кездері бұл күнім.
Азат болып ат жалына жармасқан,
Бір бұтағы текті халық түркінің.
Айналайын топырағыңнан, жеріңнен,
Сеземін мен ертеңіңді сеніммен.
Шығысында Өр Алтайдан басталып,
Бұхар Бетте тірелетін Еділмен.
Жер жаһанның төрт бұрышын жайладым,
Көре жүріп тағдырының ойранын.
Елтаңбаға қос пырақты бейнелеп,
Қыранменен әспеттеген байрағын.
Жұрты үшін жасын төккен анасы,
Ұлты үшін қанын төккен бабасы.
Алтын күні аспанында жарқырап,
Алтын дәнмен әсемделген даласы.
Томирис Берікқызы
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс студенті
Тәуелсіздік теңдігім
Тәуелсіздік – теңдігім,
Еркіндігім, елдігім.
Ата-баба арманы,
Қасиетті белгілім.
Тәуелсіздік – азат күн,
Шарықтаған қазақтың.
Алтын күндей жарқырап,
Баққа толды азат түн.
Бодандықтан босандым,
Терең тарих тосалдым.
Желтоқсанның ызғары,
Еркіндікке жол салды.
Көк байрағым – көк аспан,
Елтаңбамда от асқан.
Әнұраным – жүректің
Елге арнаған бір дастан.
Дамира Дулатқызы
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс студенті
Тәуелсіздік – бізге оңай келмеді
Ат үстінде найза ұстаған кешегі,
Өткендердің өктем желі еседі.
Қазақ болып, азат болып туылған,
Ұрпағының бағы мынау бес елі.
Қайсар елім не сұмдықты көрмеді?
Басқыншылық төбемізге өрледі.
Жіпсіз байлап мәртебелі тіліңді,
Пәк дініңді жүрегіңе жерледі.
Жазықсыздан жазаланып әйелі,
Ел жауы деп айыпталды ерлері.
Ақиқаттың ақ жалауын ұстаған
Айбарлы елдің қан боп ақты терлері.
Бабалардан мирас болған жерімді,
Тайраңдаған айуанға бермеді.
Жаудан беті қайтпайтұғын азулы,
Бөгенбайдың асқақ рухы кернеді.
Төлеген боп, Рақымжан боп шыққанда,
Алаш атын биіктерге сермеді.
Жалын берер кәрісіне, жасына
Шахановтың жыры жанды емдеді.
Димаш үні жаңғырады әлі күн,
Құлата алмас азғындықтың шендері.
Баласынан айырылған ананың,
Мөлдір жасы көл ме еді, әлі, сел ме еді?!
Атқан кезде азаттықтың ақ таңы,
Ағытылды азғындықтың шеңбері.
Замандастар, бәрі біздің еншіміз,
Байқалмасын ендігінің кем жері.
Жалын жастар үлгі, мәңгі өшпейтін,
«Қазағыма қайсар мінез тән!» деді.
Жан аямай құрметтейік, ағайын,
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді!
Әли Ермеков
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс студенті
Жас ақынның айтыстағы айшықты шумақтары!
Қайрат, Ләзат, Ербол мен Сабира бар,
Қалайша ерліктерін жасырамын.
Біз үшін құрбан болған әпкелер мен,
Ағалардың рухына бас ұрамын!
33-ке келгенде Егемендік,
Шабытпенен әдемі өлең өрдік.
Желтоқсан құрбандарын ұмытпаймыз,
Қылмандаршы қазағым елемеулік.
Кешегі боздақтардың арқасында,
Тарихтың тақтасында шегелендік.
Елімізге Президент басшы болып,
Көрсетіп келе жатыр көрегендік.
Тәуелсіздік туралы түк білмесек,
Ақын боп мына өмірге неге келдік?!
Түсіріп белге батпан салмақтарын,
Ел деп өлді боздақ пен ардақтарым.
Сонау бір 86 - кезеңінде,
Білеміз қар үстіне қан қатқанын.
Сол қанның орыны қазір гүл бәйшешек,
Иә Алла! Қазақты енді зарлатпағын.