KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Катонның да өзіндік дизайн-коды болады

5.07.2024, 12:27 226 Ержан Әбіш

Катонқарағай ауылына елдімекеннің дизайн-кодын әзірлеу мақсатында Алматыдан «7/2/7 Бюросы» мекемесінің мамандары келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бюро басшысы Жандос Жұмабай мен артдиректоры Дмитрий Лешкович өңір табиғатын, тарихы мен мәдениетін ескере отырып, аудан орталығының бірыңғай архитектуралық келбетін қалыптастыруды  ұсынып отыр.

– Алдымен зерттеу жүргіземіз. Катонқарағай ауылының ғана емес, тұтас ауданның өзіне тән географиялық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тарихи ерекшелігін түсінуіміз керек. Жергілікті халықтың тұрмысын, дүниетанымын ұғынып алсақ дейміз. Осыдан соң ғана аудан орталығының дизайн-кодын әзірлейміз. Бұның бәрі Катонқарағайдың тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін қажет. Осы мақсатта жергілікті билік өкілдерімен, тұрғындармен, бизнес, шығармашылық адамдарымен бірлесе жұмыс атқарамыз, – дейді Жандос Жұмабай.

«Катонқарағайдың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының атсалысуымен келген аталған мамандар осыған дейін Алматы қаласының дизайн-кодын жасаған.

Сонымен қатар қазіргі кезде Катонқарағай ауылында ауызсу құбырларын, жылу жүйесін жаңарту, көпқабатты үйлерді қалпына келтіру қолға алынған.

Келер жылдан бастап аудан орталығындағы жол мәселесі де шешілетін болады.

– Келесі жылы ауылішілік жолдарды тұтастай жөндеуді бастаймыз. Көшелерін асфальттау, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, жол белгілерін қою, бағдаршамдар орнату, автобус аялдамаларын салу сияқты істерді қолға аламыз. Қазір Бөкей көшесінің бойындағы қосқабатты үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Олардың қасбеттері көрікті етіп жасалады, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалинов. 

Тимур Серікхан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив