KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 8 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Катонқарағай ауылында құрылыс қарқынды жүріп жатыр

30.07.2024, 14:01 87 Ержан Әбіш

Катонқарағай ауылы аудан орталығы мәртебесіне ие болған соң аталмыш елдімекенде құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алып отыр. Сонымен қатар, өңірде кәсіпкерлік, оның ішінде туризм саласы дамып келеді.

Мәселен, Алматы қаласында тұратын Шыңғыстай ауылының тумасы Тілеубек пен жолдасы Ғалия Мұсабаевтардың жеке істерін ашып, туристерге демалатын жайлы орындар салуды бастаған. Алғашқы жылы олар бір-бір отбасына арналған жатын, ас бөлмесі, дәретханасы, душы бар еуропалық A-frame жобалы, сыртқы бейнесі ерекше үш үйді салып алды. Келесі жылы 12 орындық қонақ үйді, асхана мен тандыр нан мен самса пісіретін наубайхананы іске қосты. Қазір кәсіпкерлер тойхана салып, моншаның құрылыс жұмыстарын бітіруге күш жұмылдырған.

Мұсабаевтардың күніне мың дана құмтасблок, брикет шығаратын цехтары бар. Ол құрылыс материалдарын өздері де пайдаланады, өңір тұрғындарына да қолжетімді бағада сатады.

– Бір ретте отыз шақты демалушыны қабылдаймыз, – дейді Ғалия Мұсабаева. – Тамақтану мәселесінде таңдау демалушылардың өзінде. Үш уақыттағы астарын бізден ішеміз десе де, өздері дайындап ішеміз десе де ерікті. Оған толық жағдай бар. Туристерге көрсететін қызмет түрлері ішінде ауданның Рахман қайнары, Қаракөл сияқты көрікті жерлеріне, Берел қорымы, Аустриялық жол секілді тарихи орындарға апарып келу қарастырылған.

Мұсабаевтардың «Ұлназ» демалыс орнынан Шымкенттен келген бір топ жігітті кездестірдік. Өзін Есенғали деп таныстырған топ жетекшісі Катонқарағайға алғаш келіп тұрғандарын, Мұзтауды, Рахман қайнарын көргілері келетіндерін айтып, табиғатымыздың сұлулығына деген таңданыстарын жасырмады.

– Кеше қараңғы түскенде мұнда жетіп едік, – деді олар. – Әлі танысып үлгере алмай жатырмыз. Дегенмен, Алтай жердің жұмағы екен. Әлеуметтік желі мен теледидардан Катонқарағай жайында жарнама көп. Көзбен көріп қайтайық деп екі машинамен жолға шықтық. Келгенімізге еш өкінбейміз.

Ал, құрылыс маманы, зейнеткер Алтай Имашевтың балалары Құралай мен Құрмет те бір жыл ішінде туристерге арнап ауылдың бас жағында, Сарымсақты өзенінің бойына, у-шудан тыныш, ауасы таза жерге «Алтай» демалыс орнын салып, меймандарға қызмет көрсетуді бастап кетті.

«Жерұйық» мейрамханасының иесі Рафхат Бақатаев та кәсіпкерлікті дамытуға белсене кірісіп, иелігіндегі ескі ғимараттарды жөндеп, іске қосып келеді.

– Құрылыс салуға жер сұраушылар саны былайша тез өседі деп ойламап едік, – дейді ауылдық округтің бас маманы Ежет Қожабергенов. – Ауылдың іші мен оған жақын жерде иесіз жатқан жер жоқ. Бұрын бұзылып кеткен үйлердің орындарының сексен пайызы жекеменшікпен заңдастырылып алынған. Катонқарағайдың тек Алтай жақ бөлігінде бос жерлер бар. Осы жағдайға байланысты аудандық әкімдік жекеменшікке жер беруге мораторий жариялаған. Катонқарағай ауылын дамытудың бас жоспары бойынша қай жерлерге мемлекеттік мекемелер орналасатыны анықталғаннан кейін ғана шектеу алынады.

Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне газблок, құмблок, дөңгелек құйма (кольцо) жасау ісін жолға қойған Айдын Тәукенов, ағайынды Ернат, Есбол Абауовтар, Махамбет Кешілбаев, Тілеубек Мұсабаевтардың көмегі зор. Олардың шағын өндірістері арқасында құрылыс салушылар материалдарды сырттан іздеп уақыт жоғалтпайды, артық шығынданбайды.                                                            

                  Жәнібек Қызыр

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив