Өскемен – Бобровка жолында құлаған ағаштар тазартылып, жол ашылды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысында екпіні 25 м/с дейін жеткен қатты жел соғып, арты селге ұласқан.
Қатты желдің салдарынан Өскемен – Бобровка бағытындағы жолдың шетінде өсіп тұрған ағаштар сынған. Құлаған ағаштар көлік жүретін жолды жауып тастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Бобровка ауылы мен Өскемен қаласы арасындағы жолда табиғи апат орын алды. Көлік өту мүмкін емес, бірнеше көлік кептелісте тұрып қалды, – деді ауыл тұрғындарының бірі.
Оқиға орнына жол қызметкерлері келіп, апат салдарын дереу жоюға кіріскен. Жарты сағат ішінде жол ашылды.
– Өскемен – Бобровка бағытындағы жолдың 5-7, 8-9 шақырымдар аралығында жол жиегінде өсіп тұрған ағаштар сынды. Дереу оқиға орнына арнай техника мен мамандар барып, жолда жатқан ағаштарды тазалады. Қазір жол ашылды, – деді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Синоптиктердің болжауынша, ШҚО-да дауылды ескерту жарияланды. Облыс басшысы Ермек Көшербаев қала, аудан әкімдеріне ауа райына байланысты жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Оқи отырыңыз