Асубұлақ орманында жабайы жануарлар саны көбейіп келеді
Фото: depositphotos.com
Соңғы бес жылда Асубұлақ орман шаруашылығындағы аю, қабан, бұлан, марал, елік, таутеке, құр, меніреу, сұрқұр, шілдер секілді жабайы жануарлар тұрақты көбейіп келеді. Мұның бәрі де – сауатыт жүргізіліп жатқан биотехникалық іс-шаралардың нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы, облыс аумағында құстардың 335 түрі, сүтқоректілердің 94 түрі мекендейді, сондай-ақ Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлардың 50 түрі кездеседі.
Облыстың едәуір аумағы, 1 млн гектардан астам аумағы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, яғни мемлекеттік қорықтар, табиғи резерваттар мен қаумалдар.
Облыс аумағында қар барысы, манул, құлжа, арқар, сусары, ұлар, ләйлек, бүркіт, ителгі, лашын, субүркіт, дуадақ, балықтардың эндемикалық түрлері – майқан, үскіш, таймень мекендейді және олар қорғалады. Бұл түрлердің әрқайсысы – Алтайдың табиғи қазынасы.
Суда жүзетін құстардың санын қалпына келтіру мақсатында 2016 жылдан бастап көктемгі аң аулауға мораторий енгізілді. 2021 жылы ол мораторий алынды.