KZ
Өскемен
+13°
небольшая облачность жел 8 м/с, З
479.38 531.63 5.27

Ермек Көшербаев: - Кей мәліметке күмәнім бар

6.09.2024, 21:37 96 Нұржан Кенжеұлы

Бүгін Катонқарағай ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев жиынға қатысқан бірқатар басқарма басшысының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Облыс әкімінің айтуынша, кей басқарманың басшысы атқарылып жатқан жұмыс жайында жалған ақпарат беруді әдетке айналдырған.

- Катонқарағай ауданында сумен қамтуға қатысты мәселе шешімін тапқан 27 ауыл бар дейсіздер. Алайда, іс жүзінде олай емес екенін мен де білемін. Мәселен, Топқайың ауылын алуға болады. Қазір осы Топқайың ауылы мен аудан орталығы Катонқарағайда сумен жабдықтау желілері мен су жинау құрылыстары қайта жаңартылуда. Осыған байланысты Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, Топқайың ауылындағы нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Жауапты мердігермен жұмысты ширатыңыздар, - деп тапсырма берді облыс әкімі. 

Сондай-ақ аймақ басшысы алдағы бірнеше жылда блокты-модульді су тазарту станциялары бар, тұрғындар саны аз 5 ауылда кезең-кезеңімен әр үйге желілер тартылатынын хабарлады.

Сонымен бірге облыс әкімі интернетпен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

- Интернет туралы айтсақ, құзырлы басқарма басшылығы аудан халқының 79% мобильді, кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Шын мәнінде солай ма? Күмәнім бар. Жалпы, шалғайдағы елді мекендердің халқы үдере көшпесін десек, ондағы ағайынға, әсіресе жастарға барлық жағдай жасауымыз қажет. Оның ішінде осы интернеттің орны бөлек. Сол себепті, ауылдарға интернет тарту жұмысын тездетуден басқа амалымыз жоқ, - деді облыс әкімі.

Белгілі болғандай, қазір 13 ауыл интернеттің игілігін көріп отырса, тағы 14 ауылды алдағы үш жылда кезең-кезеңмен мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр екен.

Сондай-ақ ауданның 15 мектебінде «Starlink» кешені орнатылғанын айту керек.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив