Өскеменде Ұстаздар күніне орай мерекелік іс-шара өтті
3.10.2024, 16:30233Нұржан Кенжеұлы
Өскемендегі Металлургтердің мәдениет үйінде алдағы Ұстаздар күніне орайластырылған салтанатты іс-шара өтіп, қаланың мұғалімдер қауымын шаһар басшысы Жақсылық Омар құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға қаланың мектептері мен лицейлерінен, балабақшаларынан 700-ге жуық адам қатысты.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова хабарлағандай, бұл күні облыс орталығының бір топ мұғаліміне Оқу-ағарту министрі және Өскемен қаласы әкімінің төсбелгілері, алғыс хаттары мен грамоталары табыс етілді.
– «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, қай заманда да қоғамның қозғаушы күші саналған мұғалімдердің орны бөлек болатын. Себебі, сіздер – алдарыңызға келген оқушыларды ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейтін жандарсыздар. Сол үшін сіздерге зор алғыс айтқым келеді. Бүгінде біздің қалада бес мыңнан астам білім саласының қызметкері еңбек етуде. Шаһарда 50-ден аса білім мекемесі бар. Жылдан жылға оқушылар саны да артуда. Демек, бізге алдағы уақытта да білікті педагогтер қажет болады. Соңғы жылдары мектептеріміздің жабдықталуы едәуір жақсарды. Бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыратын боламыз. Тағы бір мәрте келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтап, баршаңызға тек жақсылық тілеймін, – деді жиналған мұғалім қауымына жылы лебізін білдірген қала әкімі Жақсылық Омар.
Марапаттау рәсімінен кейін Металлургтер мәдениет үйінің залына жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылды.