«Күнделік» электрондық жүйесіндегі жарнама мәселесі: Оқу-ағарту вице-министрінің мәлімдемесі
Фото: pexels.com
Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан «Күнделік» электрондық журналындағы жарнамалық контентке қатысты шағымдар жиі түсіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова мәлімдеді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ата-аналардың айтуынша, «Күнделік» жүйесінде көрсетілетін жарнамалық материалдар оқушылардың жас ерекшеліктері мен психо-эмоционалдық жағдайларына сәйкес келмейді. Кейбір жарнамалар балаларға бейімделмеген әрі мазмұны тұрғысынан жат болып шыққан.
«Күнделік» жүйесінің әзірлеушілерімен бірнеше рет келіссөздер жүргізілгенін айтқан вице-министр, қызмет сапасын арттыру қажеттілігіне назар аударылғанын жеткізді.
Жүйеге қолжетімділікті жақсарту жұмыстары
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта «Күнделік» жүйесіне барлық интернет-ресурстар арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Арай Уразова барлық өзгерістер мен жаңартулар Қазақстан Республикасының заң талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылатынын және білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының мүдделері ескерілетінін атап өтті.
Вице-министр Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, мектептер EdTech саласындағы білім беру жүйелерін өз бетінше таңдай алатынын айтты. Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасы негізінде министрлік тиісті міндеттемелерді уақтылы орындағанын және мәселе шешілгенін хабарлады.
Министрлік білім беру ұйымдарын сапалы әрі қауіпсіз цифрлық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жұмыс оқушылардың, ата-аналардың және педагогтардың мүддесін қорғауға бағытталған.