KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Қазақстанда қазақы жылқы тұқымдарын қайта жандандыру қолға алынады

Фото: primeminister.kz

Бүгін, 15:30 28 Гульжан Мусина

Қазақстанда қазақы жылқы тұқымдарын жандандыру және олардың танымалдылығын арттыру мәселесі вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Бұл жұмыстармен Жылқы шаруашылығы және мал азығы институты айналысады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі ҚР АШМ сілтеме жасап.

Институт басшысы Әлібек Базарғалиевтің айтуынша, алдағы уақытта еліміздің жетекші жылқышылары қазақы тұқымдағы жылқыларды толық зерттеуден өткізеді. Зерттеу нәтижесінде аталған тұқымдарды қайта жаңғырту жоспары жасалатын болады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл жұмыс кемінде бес жылға созылады.

Отырыс барысында «Қазақ тұлпары» ЖШС-нің қазіргі жағдайы да қаралды. Қостанай тұқымын өсіруге маманданған жылқы зауытында қазір асыл тұқымды жылқылардың саны жүзден аспайды. Бұл тұқымды сақтап, оны кеңінен насихаттау үшін жеткіліксіз.

Сондай-ақ асыл тұқымды жылқыларды ұстау және өсіру үшін қажетті атқоралар мен жағдай жасау мәселесі өзекті болып отыр. Бұл мәселелер жылқы шаруашылығы институтының қазақы жылқы тұқымдарын сақтау жөніндегі бірыңғай саясаты аясында, жеке инвестицияларды тарту арқылы шешілмек. Сонымен қатар болашақта осы мекеменің негізінде ат спорты мектебін ашу жоспарланған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 13 түрлі бағыттағы жылқы тұқымы өсірілуде.

– Ғылыми селекционерлер мен практик-селекционерлердің бірлескен жұмысының нәтижесінде елімізде кең танылған қостанай (1951 ж.), құшым (1976 ж.) және мұғалжар (1998 ж.) тұқымдары шығарылды. Бұл отандық тұқымдар Қазақстанның жергілікті жылқыларын жақсартуға ерекше ықпал етуде. Олардың өнімділік көрсеткіштері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, ал жыл бойы жайылымдық жағдайда тіршілік етуге бейімділігі жағынан теңдесі жоқ, – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу