ШҚО әкімі: Зайсан мен Үлкен Нарынның елді мекенді селден аман алып қалу тәжірибесі өзгелерге үйретілуі қажет
Әкімдіктегі бүгінгі жұмыс жиынында қыстың қарымен күрес жол тазалығы үшін қаншалықты маңызды болса, көктемде сел мен тасқынды болдырмау үшін де соншалықты өзекті екені айтылды. Әсіресе, былтыр үлкен суды абыроймен еңсерген аудандардың тәжірибесі өзгелерге үлгі болуы алға тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәл осыған ұқсас тәжірибе Үлкен Нарында да бар. Ауылға сел келгенде суға тікелей тойтарыс беру мүмкін еместігін түсінген аудан басшылығы жедел шешім қабылдап, арнайы шұңқыр жасатып, суды бағыттау жолын тапқан. Осы тәжірибелермен басқа да сел болуы ықтимал аудандардың тиісті мамандарымен бөлісу керектігі жиында айтылды.
Қыстағы қармен күресу және көктемгі селдің алдын алу бойынша ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне әр ауданға жылжымалы жиналыстар өткізу ұсынылды. Аймақ басшысының айтуынша, қазір ауданды аралауда жол жағдайы да, аудандардың техникалық базасы да, жергілікті мамандардың қолда бар күші мен маусымдық жұмыстарға дайындығы да сараланбақ.
Altainews.kz тілшісі арнайы хабарласып, Зайсан ауданының тәжірибесін тарқата сұрастырған еді. Тау бөктерінде тұрған Зайсан қаласында былтыр күз бойы толассыз жауған жаңбыр күн лезде суыған кезде қалың тоңға айналған. Мамандар алдын ала жасайын арнайы өлшеулер тоңның тереңдігі 170 см екендігін көрсеткен. Әрине, мұндай тоңның еруіне едәуір уақыт керектігі белгілі. Зайсан аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, былтыр 11-ақпанда Зайсанда ауа температураы +17C° көрсеткен. Ақпан бастала қар ери бастауы тау бөктеріндегі жұртқа қауіп төндіргені рас. Наурыз бойы тұтас еріген қар жердің беткі қабатындағы тоңның кесірінен сіңбей, ауылға қарай бет алған.
Маманның айтуынша, судың бағыты өзгертіліп, далалы алқапқа қарай бұрылған. Тоң кезінде қолмен жұмыс істеу қиын болғандықтан, бір ғана Айнабұлақта селді еңсеруге 34 адам, 6 техника жұмылдырылған.
Зайсандағы №25 өрт-сөндіру бөлімінің қызметкерлері қазір де дайындық шаралары бойынша үгіт-наисхат жүргізуде. Қауіп төнуі ықтимал деген тау етегіндегі үйлерді су айналып өтетіндей қазба жұмыстары былтырғы селден соң бірден атқарылып тастаған. Жоғарыдан түсетін су бағытын жайылымдық жерге бұру жұмыстары да жасалып қойған. Тұрғылықты аумақтағы арықтардың да су өтуі үшін таза болуы қолға алынып, қыста тазаланғанда жиналатын қар да елді мекеннен аулаққа, далалы алқапқа шығарылуда.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев осындай іс жүзінде тиімділігін көрсеткен тәжірибені өзге аудандар да табиғаттың тосын құбылысымен күресу үшін игеру керектігін тапсырды.