Халық қауіпсіздігі үшін ақпараттандыру мен жұмыла жұмыс істеу басты орында - ШҚО әкімі
Аптаның кезекті жұмыс күні облыс әкімдігіндегі жиынмен басталды. Аймақ басшысы бұл жолы шұғыл қызметтер мен жауапты мекемелердің жұмыстарында жұмылу жоқтығына және ақпараттандырудың ақсап тұрғандығына тоқталып, бірқатар қатаң тапсымалар берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Барлық мекемелердің басын қосу себептерінің бірі - күні кеше бұқаралық ақпарат құралдарына берілген “ақсақ” ақпарат. Яғни, жылда болатын мұз қата бастағанда су көтерілуі мәселесін жауапты мекеме өз релизінде шикі түсіндірген. Жоқ жерден “апат” жасап, ақпаратпен ғана қауіп тудырып, қара бұлтты түнерту әсте ағаттық екені айтылды.
Аймақ басшысы ақпарат беру алгоритмін тиянақты пысықтауды талап етті. Халық ұдайы алып отыруы тиіс ақпараттың барлығы тексерілген, ақиқатқа сай әрі расталған болуы керек және жауапты әрі құзырлы тұлғалардан тікелей берілуі шарт.
Ермек Беделбайұлы жеке тоқталған тағы бір мәселе - қыс қамына жауаптылардың жұмысында жұмылу жоқтығы.
Дайындық неше жерден сақадай сай болғанымен іс жүзінде керек кезде бытырап жүретін мекемелердің ортақ ақпарат беріп, деректерінің сәйкестігін тексеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс істеу тапсырылды.
Жиынға онлайн қатысып отырған аудандарға жеке тоқталған әкім әр өңірдің әлсіз тұстарын жетік білгендіктен “Мәселе бар ма?” деп сұрақты төтесінен қойды. Аудан басшылары өз дайындықтарын, атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Түрлі бағытта жол жабылуын болдырмау, көктайғақта уақтылы құм себілуі, жаймашуақ күндері алаңсыз отырмай күн райына қарай болжамды қар түсімін бағамдап, соған орай тиісті бағыттарда жұмыс жүргізілуі әкім тарапынан жауаптыларға жүктелді.