KZ
Өскемен
небольшой снег жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Цифрлық аутизм – тіркелмеген дерт

14.11.2024, 18:00 89 Гульжан Мусина

Телефон адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфонсыз адамның жұмысы ғана емес, өмірі тоқтап қалатындай. Өйткені осы кішкентай ғана құрылғының ішінде адам ғұмырының жарқын шақтары сақталған. Бүгінде шыр етіп дүниеге келген сәби «телефонның қыр-сырын шаранада жатқан кезден бастап меңгеріп шығады». Міне, дәл осы тұста үлкен қауіп жасырылған, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі. 

Цифрлық технологияның дамуы адам өмірін әлдеқайда жеңілдетті. Қазір бір орыннан тапжылмай-ақ, кез келген затты сатып алуға болады. Ол үшін дүкен аралаудың да, тіпті, шетел асудың да қажеті жоқ. Бар болғаны қолдағы телефонды бір түртіп қою керек.

Мүмкіндігі толассыз бұл цифрлық жаңашылдықтың кері тарапы да бар. Яғни цифрлық гаджеттерді еңбектеген жас балаға дейін қолданады. Санасы бекімеген, бұғанасы қатпаған сәби телефоннан түрлі-түсті жылтылдаған бейнелерге телміріп, ата-анасына кедергі келтірмей өсе береді. Бір қарағанда, бұл тамаша құрал. Бала телефонға айналып отырғанда үйді де жинап, демалып, барлық шаруаны бітіріп алуға болады. Дүние есігін енді ашқан сәбиді телефонға телміртіп қою оның бойында дәл осы «цифрлық аутизмнің» пайда болуына әкеп соғады.

Цифрлық технологиялар дәуірінде кез келген жастағы баланың бойында бұл дерттің белгілерін табуға болады. 

Цифрлық аутизм деген не? 

Виртуалды немесе цифрлық аутизм – бұл компьютерлік ойындарда немесе әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізетін балалардың бойында қалыптасатын аутизм спектрінің бұзылуы.

Қоршаған ортамен байланысу, қарым-қатынас құру, сол арқылы ойлану, талдау адам баласын дамытатын процесске жатады. Ал көгілдір экраннан көз алмай отыру, әлеуметтік желіде бос уақытты өткізу, адамның сана-сезімін төмендетіп, ойлау қабілетінің әлсіреуіне әкелмек.

– Жұмыс барысында баласы кедергі келтірмес үшін немесе далаға шығып, бір нәрсеге ұрынып қалмай, көз алдында отыра беру үшін баланың қолына телефон береді. Бұл өз кезегінде жас буынның телефонға тәуелді болуына әкеп соғады. Ол қоршаған ортаға өзінің эмоциясын көрсетуді қояды. Баланың бойында цифрлық аутизм дами бастаған кезде ол жан-жағындағы адамдармен қарым-қатынас жасаудан алшақтап, телефонға телміріп отыра береді, – деді психоаналитик Назигүл Абылхасқызы.

Балалар арасында виртуалды ойындар мен әлемжелінің танымалдылығы виртуалды аутизмді дамыта түсті. Бұл цифрлық платформалардың қолжетімділігі экран алдында отыратын уақытты ұлғайтып, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларға кері әсер ете бастайды.

- Күні бойы жұмыста болып кешке бас қосқан отбасы мүшелері кешкі асты телефон қарап отырып ішеді. Жанұядағы жылулық, кешке сөйлесіп, қал жағдайын білісу сияқты қарым-қатынас азайып бара жатқандай. Осындай ортада өскен балада жан-жағында болып жатқан нәрселерді елемеу, қоғаммен байланыстан алшақтау сынды белгілер пайда болады, – деп пікірін қосты психоаналитик.

Виртуалды аутизмі бар балалар – ауызша емес әлеуметтік сигналдарды өңдеуде, көзбен байланысты ұстауда, тиісті мимиканы қолдануда және өзара сөйлесуге қатысуда қиындықтарға тап болады. Адам болмысындағы бұл қабілеттердің өшуі қарым-қатынасты құру мен сақтауда қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар экран алдында шамадан тыс уақыт өткізу агрессия, ашуланшақтық және импульсивтілік сияқты мінез-құлық проблемаларына ықпал етеді.

Цифрлық аутизмнің белгілері мен салдарын тану арқылы ата-аналар виртуалды өзара әрекеттесу мен нақты әлеуметтік тәжірибе арасындағы салауатты тепе-теңдікті сақтау үшін алдын ала шаралар қолдануы маңызды.

- Цифрлық аутизм – бүгінгі қоғамның дерті. Иә, оның арнайы коды жоқ, сондықтан ол ауру, диагноз ретінде қабылданып жатқан жоқ. Балада цифрлық аутизм белгілері болса, тек онымен ғана емес, отбасының әр мүшесімен жұмыс істеу керек. Мұндағы басты мақсат – проблеманың неден туындағанын анықтау. Жалпы, мұндай жағдайлардың дені отбасыдағы қарым-қатынастан қашу барысында пайда болады. Телефон қарау арқылы пайдалы ақпарат көріп отырмын деу – қате пікір. Телефон қараған адамның күш-қуаты тез сарқылып кетеді. Сондықтан цифрлық аутизмді коды болмаса да, ауру деп қабылдау керек, - деді Назигүл Тәубеқұлова. 

Медицина не дейді?

Виртуалды аутизмнің гипотезасы сенімді болғанымен, ол ресми медициналық диагноз ретінде танылмайды.

- Аутизм медицина саласында бар ауру. Оған генетикалық және экологиялық факторлардың күрделі өзара әрекеттесуі ықпал етеді. Ондай бала әлеуметтік байланыстарды өз әлеміне алмастырып алады. Бірақ цифрлық аутизм деген не диагноз, не ауру жоқ. Біз балаларға тілінің немесе психикикалық дамуында кешігулері бар деген ғана диагноз қоя аламыз, - деді облыстық психологиялық орталықтың директоры Мерхат Мукушев.

Мектеп жасындағы психикалық дамуы тежелген балаларға бірнеше ерекшелік тән. Олар мектепте оқуға толық дайын болмайды. Себебі мұндай балаларда мектеп оқушысына қажетті біліктер мен дағдылар қалыптаспаған, оқу материалын игеру де қиынға түседі. Арнаулы көмексіз олар қарапайым санау, жазу, оқуды да меңгеруге қауқарсыз. Жүйке жүйесінің жұқаруы нәтижесінде олар тез шаршайды, еңбекке ынтасы төмен болып, көбінесе, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге төзімдері жетпейді. Мұндай балаларда бас ауруы жиі болып тұрады. Психикалық дамуы тежелген балалардың зейіні тұрақсыз, көңілі сырт нәрселерге тез ауғыш келеді де, қажетті объектіге назар аудару қабілеті төмен болады.

– Зейіннің тұрақсыздығы баланың қабылдау және түйсіну процестеріне кері әсер етеді. Бірақ баланың зейіні психикалық кешігулеріне байланысты немесе әлі ойынға құмарлығы қанбағандықтан тұрақсыз болуы мүмкін. Психикалық дамуы тежелген балаларда ойлауы да тежеледі. Ол өз қатарластарына қарағанда қабылдаған ақпаратты талдай алмайды, – деп түсіндірді Мерхат Мукушев.

Облыстағы балалардың психикалық дамуының кешігуін бақылап, емдеп жүрген дәрігер Мерхат Хасенұлының айтуынша, мұндай диагноз қойылатын балалардың саны бұрынғымен салыстырғанда тым қатты өскен де, кеміген де жоқ.

Айырмашылықтары қандай? 

Балалардағы аутизм – бұл белгілі бір психикалық функциялардың дамуындағы бұзылуларға байланысты ауру. Ол баланың қоршаған әлеммен әлеуметтік қарым-қатынасындағы қиындықтармен көрінеді.

Әдетте, аутизм диагнозы 2-3 жас шамасында әлеуметтік дағдылар мен қарым-қатынасқа байланысты дамудың негізгі кезеңдері жетіспейтін немесе кешігіп көрінетін кезде қойылады. Виртуалды аутизм кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Бірақ дабылды бала экран алдында шамадан тыс уақыт отырған кезде қағу керек.

Аутизмде кез келген ортада (үйде, мектепте, қоғамда) балада әлеуметтік қарым-қатынас пен өзара әрекеттесудің қиындықтары болады. Ол қайталанатын әрекеттерді орындай береді немесе нақты қызығушылықтарымен (мысалы, ойыншықтарды қатарға тізеді) айналысады. Олардың сенсорлық сезімталдығы жоғарылауы мүмкін. Ал виртуалды аутизм – мінез-құлық проблемалары, жеке қарым-қатынасты қажет ететін жағдайларда көбірек байқалады.   

Қалай оңалтамыз? 

Цифрлық медиа бала өмірінің де ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан виртуалды аутизмді жан-жақты бақылау өте маңызды. Бұл бақылаулар баланың әдеттері, әлеуметтік дағдылары, қарым-қатынас қабілеттері және жалпы мінез-құлқы туралы құнды ақпарат береді. Экран алдында өткізілген уақытты анықтау мамандарға виртуалды аутизммен байланысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

- Жеке тәжірибем бойынша цифрлық аутизмі дамыған балаларды оңалтудан өткіздім. Бұл телефонға тәуелдіктен пайда болады. Телефон ұстап жүріп ағылшынша «А, В, С» деп әндерді, түстерді жаттап алғанымен, баланың санасында ешқандай түсінік қалыптаспайды, – деді логопед-дефектолог Алтынай Асқарқызы.

Цифрлық аутизм – телефонның салдарынан баланың психикасының тежелуі, жасына сай дамымауы.

- Цифрлық аутизмді емдеуге болады. Ол үшін кешенді түрде тоқтамай жұмыс істеп, бейімді дене шынықтырумен айналысып, сенсорлық интеграция және басқа да емдік шараларды қолдану арқылы емделуге болады. Егер ата-ана баланы 1-1,5 жасында оңалтуға әкелсе, емнің нәтижесі де жоғары деңгейде өтеді, – деп атап өтті логопед-дефектолог.

Алтынай Асқарқызы баламен әлеуметтік қарым-қатынасты ерте қалыптастырса, цифрлық аутизм деген проблема болмайтынын  атап өтті.

- Бала құрсаққа біткен кезден бастап, оған көңіл аударып, сөйлесу керек. Дүниеге келген соң да, ол ұқпайды, әлі кішкентай демей, нәрестеге назарыңызды аударып, махаббатыңызды беру маңызды, – деді маман.

Виртуалды аутизмі бар балаларды қолдау, смартфонды ұстау уақытын азайту және дұрыс қарым-қатынас жасап, оған жылулық, махаббат беру жүре пайда болатын цифрлық аурудан оңалту жолында жасалатын басты қадам болмақ.

Ақерке Рағызбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу