Есікті смартфонмен ашатын күн жақын
Ақылын жетекші, қиялын көмекші еткен небәрі 11 жастағы балаүйді ұрылардан қорғаудың тиімді жолын ойлап тапты. Оның есімі – Ислам. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте оқиды. Өнертапқыш өреннің жасап шығарған құрылғысының көмегімен есікті автоматты түрде ашуға болады. Ол үшін тіпті, кілттің де қажеті шамалы. Есікке орнатылған смарт құлып ұялы телефон арқылы басқарылады.
– Есікті кілтсіз ашу үшін Android қосымшасы бар телефон қажет. Сол арқылы барлық жұмысты жеңілдетуге болады. Бұдан бөлек, есіктің ішкі жағына «Arduino Uno» құрылғысын орнату керек. Кейін арнайы бағдарлама арқылы үй иесі құпиясөз қояды. Бұл өз кезегінде үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Ислам Талғат.
Жас өнертапқыштың жетекшісі Назерке Мырзахметованың айтуынша, Исламның бұл жобасы іске асырылса, үйге ұры түсудің алдын алуға болады.
– Цифрландыру – заман талабы. Сондықтан қазір мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті, ірі зауыттар мен өндіріс орындары да цифрлық технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы – Елбасының ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі. Елбасы бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Нәтижесінде осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі іс-шара да сол бастамадан туындаған, – деді Назерке Мырзахметова.