– Тағдыр тәлкегіне түскен бір адамға үміт сыйлап, қолыңнан келсе, қол ұшын беру бізді де үлкен шаттыққа бөлейді,–дейді ол. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болып, талай жанға үмітпен қатар үй сыйлап жүрген «Харекет» қоры өкілімен сұхбатымыз осылай басталды. Қайырымдылық қорының Өскемендегі өкілі Ұлан Жүнісбеков көбінесе басқалардың тағдыры үшін алаңдап жүргенін аңғартты. Мұқтаждық та емес, кейде қорға адамдарды тағдыр айдап келеді екен…
Ауру айтып келсін бе?..
Расында да, өмірдің табан астынан құбылып, тағдыр желінің қалай, қай жақтан соғарын кім білсін? Әйтпесе, қол арбаға таңылған күйеуі мен алты баласын бағып, айдалада үй-күйсіз қаламын деген ой Толқынның қаперінде болды дейсіз бе? Азаматы аман болғанда, уайымның не екенін білмейтін ол. Жолдасымен шаңырақ көтерген кезде қос жүрек болашақтарының сондай жарқын болатынына имандай сенген еді. Бірақ… Ауру айтып келсін бе? Қайтсем де балаларымды ел қатарлы өсіремін деп еңбектеніп жүрген Ануарбекаяқ астынан жол-көлік апатына түсіп, төсек тартып қалған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жұлын омыртқасына зақым келген. Осылайша, арыстай азаматы қол арбаға таңылған соң, Толқын отбасындағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алған. «Бірде жұмыстан соң үйге қайтқалы жатқанмын. Танысым хабарласып, Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында алты баласы бар келіншектің көмекке зәру екенін айтты. Жолдасы сал ауруына шалдығыпты. Ал келіншегі болса, шиеттей алты баласы мен күйеуін қараймын деп күн санап шөгіп бара жатқан көрінеді. Ең өкініштісі сол, олардың қазір басар тау, барар жерлері жоқ. «Сен «Харекет» қайырымдылық қоры туралы айтып едің ғой. Реті келсе, көмектесіп жіберсеңдер қайтеді?» –деп өтінді. Содан не керек, ертеңінде-ақ біз Омаржановтар әулеті туралы ақпарат жинап, олардың, расыменде, көмекке мұқтаж екенін анықтадық. Сөйтіп, бұл мәселені шешу үшін қаражат табудың жолын ойластырдық. Облыс көлемінде әртүрлі мерекелік және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Одан түскен қаражатқа Омаржановтардың отбасына үй алып бердік. Қазір олар сол үйде тұрып жатыр. Сөйтсек, біздің өңірде ондай отбасылар көп екен. Бірінен-бірі естіп,қордан көмек сұраушылар да күн санап көбейді»,– деп еске алады «Харекет» қайырымдылық қорының Өскемендегі өкілі Ұлан Жүнісбеков.
Бұл қор құрылғалы бері облыс көлемінде оннан астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы аналар қоныстойын тойлапты.
Көздерін қиып, тастап кете алмаймын
–Тағы бір жолы Зайсаннан жас жігіт хабарласты. Кезінде ата-анасы тастап кетіпті. Жасы 21-де екен. Тағдырдың тәлкегіне түскен бозбала алты бауырымен бірге Семей жақтағы жетімдер үйінде тәрбиеленіпті. Асырап алған отбасы да жарытып қамқорлық танытпапты. Сол себепті олар қайта балалар үйіне оралуға мәжбүр болған. Кейін Нұрасыл кәмелеттік жасқа толған соң, туған жері Зайсанға қайта оралып, қарттар үйіне жұмысқа орналасады. Арада бірнеше ай өткен соң, ол бауырларын асырап алу үшін құжаттар жинай бастайды. «Қол жайып,біреуден көмек сұрау деген өте қиын. Оны басынан өткен жандар ғана біледі. Шыны керек, алты бауырымды асырап алған соң, пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік. Қаражаттың тапшылығынан аш қалған күндеріміз де болды. Сонда көрші үйден бір үзім нан сұрауға дәтім бармай, қиналғаным есімде, – дейді ол.
Қордың Зайсан ауданындағы мүшелері пәтер жалдап, аядай бөлмеде қысылып өмір сүріп жатқан осы балалардың тағдырын көзбен көрді. «Ата-анамыз қараусыз қалдырып кетті. Жеті бала өзіміз қалдық. Мен –үйдің үлкенімін. Ең кенжеміз төртте. Оны кейде жұмысқа бірге алып кетуіме тура келеді, өйткені қарайтын адам жоқ. Біз үйдің барлық тірлігін өзіміз істейміз. Жасырып қайтейін, кейде ата-анасы бар қыз-жігіттерге қарап қызығамын. Сондай сәтте көкейімде: «Ата-анам неге тастап кетті екен? Біздің қанша жазығымыз бар?» деген сан сауалдың ойға оралатынын жасырып қайтейін?!» деп бұғанасы қатпаған бозбала ағынан жарылғанда, көзіме жас келгені бар,– дейді ол.
Бауырларының жанарын жәутеңдетіп, жетімдер үйінде қалдырып кетуге дәті шыдамаған Нұрасылға «Харекет» қорыЗайсан қаласынан екі бөлмелі пәтерді тарту еткен. «Соны естіп тұрып, біз ашпыз, бұдан басқа көмекке де зәруміз демеді олар. Қуанғанынан алғысын жаудырып, кенжелерінің тәтті қылықтары мен қызық сөздерін айтып беріпті«Харекеттегі» аға-апайларға. Қазір аудан тұрғындары да шама-шарқы жеткенше оларға қол ұшын беріп тұрады. Келешекте «Харекет» қорындағы аға-апайларым сияқты мұқтаж жандарға көмек бергім келеді,өйткені өз басымнан да мұқтаждық өтті ғой дейтін көрінеді, – деп аяқтады ол Нұрасыл туралы әңгімесін.
Балалар –сіздерге аманат…
– Қиындықты көп көрген адамның үмітін ояту оңай емес. Ол үшін арты жақсы болатынына өзің де сенуің керек,– дейді кейіпкеріміз.
- Бұл үйдің ауласындағы әбден тозығы жеткен моншаға сырттай қарасаң, иесіз қалған сияқты. Жақтаулары қисайған, едендері дым тарқан моншада алты баласымен Гүлзира Жансаринова кезінде жан бағып отырған. Жолдасы өмірден ерте озған соң, ол алты баласымен жесір қалыпты. Осылайша, балаларымды бағып-қағамын деп жүргенде, өзі де айықпас дертке душар болады.Көзі нашар көретін оған дәрігерлер бүйрек қызметі бұзылды деген тағы бір диагноз қойған. Гүлзираның жағдайы туралы таныстарынан естідік. «Аягөздегі алты бала– сіздерге аманат. Аналарының денсаулығы нашар. Әкелері қайтыс болған», –деп хабарласты бір жан. Содан не керек, біз Гүлзираны тауып алдық. Алайда оның аузынан сөз шығарудың өзі мұң болды. Кейін айтады, өзге адамнан көмек күту өте қиын екен. «Балаларымның ертеңгі тағдыры не болады?» деп уайым кешіп жүргенде біз тауып алыппыз.Оған да бүкіл халық болып көмектестік, –деп еске алды Ұлан Жүнісбеков.
Осылайша, үмітпен бірге үй сыйлап жүрген «Харекет» қорының өкілдері осындай жандардың алғысына бөленіп жүр.Соңғы уақытта қор Зайсан, Тарбағатай, Аягөз, Жарма аудандары мен Өскемен, Семей қалаларының оннан астам тұрғынына баспана алып берді. Мұндағы басты мақсат – қамкөңіл жандардың өмір сүруге деген талпынысын арттыру дейді өздері.
– Бізден көмек сұрайтындардың дені– жалғызбасты көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Ұлан Жүнісбеков.
Айта кетейік, бұл қор құрылғалы бері еліміз бойынша 200-ге жуық отбасы қоныстойын тойлаған. Оған Гүлмира Мұқанқызының қосқан үлесі зор.
– Көмекке мұқтаж жанның тұрмыс-тіршілігібір ай көлемінде тексеріледі.«Әр қазақ – менің жалғызым» деп білетін әрі сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады. Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында ақылдасып, кімдерге берілетіні шешіледі. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіліп отырады, – деді Ұлан Жүнісбеков.
Қазір «Харекеттің» құрамында шығысқазақстандық 31 жас еңбек етіп жүр.Олар Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Күршім, Зайсан, Аягөз, Тарбағатай аудандарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады.
– Адамдарға көп дүние керек емес. Сәл ғана демеп жіберсеңіз жетіп жатыр, ары қарай өзі ұмтылып, өмірін арнаға салып алады. Сондықтан мұқтаж жандарға үміт сыйлауға, демеп жіберуге әрқайсымыз титтей болсын үлес қоссақ деген тілегім бар, – деп аяқтады әңгімесін ол.
Қордың құрылу тарихы оның «Facebook» парақшасын белсенді жүргізуінен және «егер 1000 адам 1000 теңгеден жинаса, бір мұқтаж отбасы үшін кем дегенде бір үй сатып алуға болады»деген оймен алғашқы жиынды ашудан басталады. 2017 жылдың 7 қазанында Гүлмира Мұханқызының бастамасымен «1000 теңгеге баспана» ұранымен «Харекет «қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры құрылды.
Ажар Сағатбекова