Біз білмейтін Барақ батыр өткелі
Қазақ жерінің шығысындағы жазық дала мен жазира жоталардың күншығысы мен теріскейін үлкен тағадай иіле түсіп қоршай жантайған Алтай таулары мен дегелең жоталары мыңдаған шақырымға созылған. Осы таулардың иықтасып келіп қиыр шығыстағы Саян мен Верхоянға жетіп жығылатын ақ басты шыңдары осы өңірдің үстімен өтетін ызғарлы жел мен ақ түтек боранға ғана тосқауыл еместі. Бұл таулар көшкен елге де, азаттығынан айырғысы келген басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес қамал болған еді. Қазақтың даласы – сонау сақғұн дәуіріндегі Еділ қаған заманынан бері санасақ, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан, Ақ Орда, Алтын Орда шайқастары мен қазақ-қалмақ соғыстарының куәсі болған жер.
Бұл жолғы шайқас та соның бірі еді.
Таң қараңғысының көбесі сөгіліп, пердесі түріле Шар өзенінің теріскейіндегі ат шаптырым жазық адырда қазақ-қалмақ шайқасының жеңіспен аяқталғанын тойлаған орта жүздің аламандары шейіт болғандарын жерлеп, жорық шатырларында тағы біраз аялдады. Дәл сол жылы болатын, қазақ қосындарының жорық жолы Баянтау, Қарқаралы бағытында басталғанымен, екі-үш айда Қалбатаудың жазық алқабы – Шар маңына келіп бір-ақ тұмсық тірегені. Бұл кезде жоңғар түмендері де бар күшін жұмсап, табан тіресе соғысуға дайындалуда еді. Көп ұзамай-ақ қазақтың шолғыншы жасақтары: «Балқаштың айналасын иемденіп жатқан Аңырақай ханның бес мыңға жуық қолы осы жерге келіп ошарылды» деген хабар әкелді. Сол жылы көпті көрген сұңғыла адамдардың айтқаны да келді. «Алтайдың қысы май тоңғысыз жылы, жұмсақ болады» дегенді. Қарттардың жыл басталмай тұрып айтқаны келіп баһар айының басында-ақ қар еріп еді. Қазақ жерінің шығысына бет алған жорықтың жолы болатынының хабаршысындай сол жылы көктем де ерте шықты.
Дәл сол жылы қалмақ бектері мен хандарының бастары қазақ жерінде мәңгілікке қалған болатын. Осы жылдарға дейін қалың найман жасақтарының соңдарында шұбатыла асу бермес таулар, ескі сүрлеу жолдар қалды.
Өткен жылғы соғыста орта жүздің аламандары қазақ жерінің күнгейіндегі Барқытбелді бөктерлеп, ағысы қатты Қатынсудан өтіп, күншілік жердегі Ақшоқыдан ары асқандағы Қараүңгір өзеніне жетіп тоқтаса, түстігі Еміл, Алакөлдің арғы жағымен иықтасып жатқан Тоқта тауына дейін барған еді.
Алайда бұл қоныстарда, қазақ жұртының бір дуан елі сиятындай мекендерде қырық тарам керуен жолдарын бауырына басып сыңсыған қалмақтар иелік етіп жатқанды. Қалмақ болғанда да осы уақытқа дейін жеңілістің дәмін татпаған төрт ойраттың бірі – жанкешті дүрбіттер болатын. Олардың алғашқы жоңғар аттанысы кезінде-ақ осы қоныстарға иелік етіп, жатып алғандарына да қырық жыл өтіпті. Олардың бұл шұрайлы өлкелерді оңайшылықпен бермесі алғашқы айқастарда-ақ көрінді. Қалың дүрбіттер өз қоныстары ішіндегі ең киелі санайтындары Ұрыжар маңы еді. Осы уақытқа дейін қазақ батырларының жоңғарлармен ұрыстарда түсінгені – олар ғибадатхана тұрғызған жерлерін жандарын сала қорғайды. Ұрыжар өзенінің теріскейіндегі ғибадатхана алаңына жиналған бір топ кешіл, келең, кеңкулері қолдарына алтын бұрхан мүсіндері мен киіз кітаптарын көтере, буддаға жалбарынып, жорыққа аттанған қалмақ қосындарының тілеуін тілеп, етектері жер сызған қызыл шекпендері желбірей шығарып салды. Көп ұзамай-ақ Ұрыжар өзенінің құбыласындағы жазық алаңқайда түзем құрып, даңғара-дабылдарын ұрып, қазақ аламандарымен ұрыстың алғашқы күні де басталып кеткен. Сол шайқаста дүрбіт бектері мен зайсандарының ұлдары кезек-кезек жекпе-жекке өздері тіленіп шығып жатты. Алғашқы шайқас Қолқа зайсанның үлкен ұлы Серенжап пен мыңбасы Шынқожа батыр арасында болып, қалмақ батыры шапшаң қимылды Шыңқожаның тақымында кетті.
Иә, осы оқиғадан бері жылдан аса уақыт өтіпті-ау. Шығысқы ат басын бұрған аттаныстың бас қолбасы Қабанбай өзі жіберген жаушыларының мәліметіне сай қазақ қосындарын үш бағытқа бұрды. Бөгенбай батыр бастаған қол ортада, олар Қарғыбаның Зайсанға құяр айлағына табан тіреді. Керей Жәнібек батырдың оң қанат сарбаздары Барқытбелдің теріскейіндегі жоңғардың күшті қарсылығына ұшырап, бөгеліп қалды. Ал көкжал Барақ бастаған сол қанат жасағы Қалбаның қалың бұйратын жаудан арылтып, Ертісті өрлей жылжу керек болатын. Енді, міне, қазақ қолы Шар өзенінің түбінде түзем құрып тұр. Сонау жылдардан бері Қалба өңірін найманның матай жұрты қоныс еткен. Түстігі сонау Аягөз, Балқаш жерлерін бауырына басқан төрт төлегетайдың бірі – садыр жұртымен иықтасып жатыр. Терістігі мен шығысы Бұқтырма мен Ертіс бойындағы Алтайдың қойны-қонышын жайлаған жеті көкжарлы ұрпағымен бірігіп жатқан он екі абақ керейдің атақонысымен шектескен. Найман, керей қолы Қалбатаудың теріскей баурайына жақын түменбасы Көкжарлы көкжал Барақтың кіндік қаны тамған жерден бір күншілік жерде. Шығысқа қарай аттанған осы қолды Абылай ханның жарлығымен найман, керей жұртына тапсырған болатын. Атақоныс туған жерлеріне бет алған шайқаста қайрат көрсетіп, көзге түсіп қалуға әркім де, батырлардың бәрі-ақ ынталы болатын.
Тіпті жүзбасы батырларды былай қойғанда мыңбасылар – ақнайман Жаман, бура Ақпантай, сарыжомарт Танаш батырлардың арасында да бәсеке жоқ еместі. Туған жердің шетіне тұяқ іліндіре ентелеп, көңілдері алып-ұшып жүрген сол батырлар түмен-басының алдына келіп, рұқсат сұрады... Көкжал Барақ үнемі қасынан табылатын замандас-құрдастары мен ініле-рінің қайсына кезек берерін білмей ойланып қалды. Ойланып қалды да лезде: – Сап-сап, батырлар, қалмақтың беталысын байқайық. Қарсы жақтан кім шығар екен?!
Қалба таудың теріскей тұсынан бастау алып, еңіске қарай жарыса құлдилаған Қарасу мен Шар өзендерінің арасындағы жазықта екі жақтан жиналған бір түмен қол тұр. Жау қарасы көп емес сияқты. Үш-төрт мыңның айналасы. Бұл жолғы майдан алаңы мүлдем басқа бағытқа бұрылып бара жатты. Жоңғардың ойлағаны қазақ аламандарының екпінін түбегейлі тоқтатып, кейін серпіп тастау емес секілді. Ұйыса жиналған әскердің соңында асыға жиналып, жүктерін артып, көшуге дайындалып жатқан қалмақ күреңдері байқалады. Абыр-сабыр атандарға жүк артып жатқан елді аман-есен жоңғар жұрты жиі қоныстанған тұсқа асырып жіберу болса керек. Өздерінше түзем құрып, қазақ-қалмақ соғыстарының барлық үрдісін сақтағандай кейіп танытқанымен, біраз уақыт жекпе-жекке ешкімді шығармай, жүрді де қойды.
Қазақ қосындарының оларды қозыкөш жерге келіп күтіп тұрғандарына біраз уақыт өткен. Енді болмаса қалмақ шебіне атой сала лап қойғалы тұрған мезетте қарсы жақтан астында жирен қасқа аты бар бір дәу қалмақ-тың жүзбасы суырылып шыға берді. Астындағы аты мен сауыт-сайманы жай жүзбасы емес, көп зайсаңдардың бірі, бай тегінен екенін әйгілегендей. Сауытының сыртынан жамылған жел-бегейі де қытайдың ламбегінен оюлап тігілген.
Қалмақтар «Жекпе-жек!» десіп шуласып кетті. Қазақ қосындарының ішінде жекпе-жекте ысылған жүзбасы батырлар аз емес еді. Қалың қаракерей ішіндегі Дәулетбай, тоқпақ Қасабай батырлар дайын тұрған. Бірақ түменбасы Көкжарлы көкжал Барақ бұл жолғы сайысты өз бауырларынан бастамақ ниетте айналасына көз салды. Осы кезде астындағы қаракөк айғырын ойната бастырып тақай берген жас батырға көзі түсті. Барақ оны бірден тани кетті. Жеті көкжарылының үлкені, «Көкжарлының қайраусыз қара қылышы» атанған Қаратай батырдың үлкен ұлы Бескенің тұңғышы Дәулеттің немересі, заманында «Құратайдың қос бөрісі» деген атпен құба қалмақты шулатқан жүзбасы Есбол батыр еді. Бүгінде Есболдың туған ағасы Байберді батыр жеті көкжарлы жұртында Барақтан кейін аты аталып, мыңбасы дәрежесіне көтерілген. Қазір де Байберді батыр сапта тұрған түземнің маңдай тұсындағы өзінің мыңдығының алдында жер тарпып тұрған алааяқ қаракөк тұлпарының үстінде байыз таппай тұр. Түменбасына тақай бере Есбол:
Есбол қаракөк айғырына қарғып мініп, қалмақ қосынына қарай құйындата жөнелді. Ежелгі салт бойынша екі жақ та бір-бірінен жөн сұрасып алатын. Бірақ бұл жолы бәрі да басқаша болды. Есболдың қаракөк аты айқас алаңының орта тұсына жетер-жетпестен қарсы жақтан жирен қасқа атқа мінген қалмақ батыры жұлдыздай ақты. Екі батыр найза сілтейтін қашықтыққа жеткен мезетте-ақ бір-біріне ұмтылды. Алғашында-ақ найзалары қолдарындағы қалқандарына қатты екпінмен тиіп, сыртқа тайқып кетті. Әзірше бір-екіден найза сілтесіп өтті. Қалмақ батырының астындағы жирен қасқа ұшқыр екен. Ат екпінімен Есболдың қасынан сағымдай зулап өте шығып, алысқа ұзамай кілт бұрылып, қарсы шауып, найзасын оңды-солды сілтеп жүр. Есбол қалмақ батырының найзасынан зорға қорғанып, қалқанын екі қолына кезек алмастырып, оңтайлы сәтті күтті. Қалмақ батыры Есболдың жанына өтіп бара жатып тағы бір рет найза сілтеп үлгерді. Екпінінің қатты болғаны сондай, батыр найзасының ұшымен қағып үлгергенде екеуінің де қаруы анадайға ұшып барып жерге қадалды. Дәл осы кезде қынабынан қылышын суырған қалмақ батыры Есболға өшіге ұмтылды. Есбол өзіне қарай жүйткіп келе жатқан қалмақтың қолындағы қылышының жетер-жетпес тұсына келді-ау дегенде қаракөк айғырды шұғыл бұрды. Қылыш сілтер аралыққа жеткізбей өзінің дағдылы әдетімен жүйткіп келе жатқан аттың қарсы алдына талтайып тұра қалды.
Тоқтар Мағзұмов,
жазушы